• Басты
  • Жаңалықтар
  • АШМ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселелері жөнінде жұмыс тобын құрады

АШМ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселелері жөнінде жұмыс тобын құрады

11 Тамыз, 2016 12:49
ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында АӨК өкілдерімен кездесіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеушілердің өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлады Премьер-Министрдің ресми сайты.

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің дамуының әлеуеті аса зор. Мемлекет басшысы аграрлық секторды елдің экономикалық өсімінің негізгі қозғаушы күштеріне айналдыру міндетін қойды. «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында мемлекет өңдеуші кәсіпорындарға қолдау көрсетеді, атап айтқанда, инвестициялық шығындардың бір бөлігін субсидиялайды.

Сонымен қатар өңдеуші сала мамандарының айтуынша, тамақ секторында бірқатар шешілмеген мәселелер бар. АӨК өкілдері ветеринарлық бақылау және тамақ қауіпсіздігі, шикізатты сатып алу бағасының қымбаттығы, сонымен қатар мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселелерін көтерді.  

Кездесуге қатысушылардың пікірлерін тыңдаған Премьер-Министр ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовке жұмыс тобын құрып, тамақ өнеркәсібінің өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселелерді шешу бойынша нақты шешімдер қабылдауды және оларды бір ай ішінде Үкімет қарауына ұсынуды тапсырды.

Айта кетейік,  «Агробизнес - 2020» агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен қабылданған және ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Бағдарламаның негізгі міндеттері АӨК қаржылық сауықтыру, тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру, мемлекеттік реттеу жүйесінің тиімділігін жақсарту болып табылады.

2020 жылға қарай мониторингтік зертханалық зерттеулерге жататын тамақ өнімдерінің үлесі 0,4 % артуы тиіс.

Батыс Қазақстан облысының өңдеуші өнеркәсібінде оның негізгі үлесі Орал қаласына (70%), Бөрлі ауданына (14%), Зеленов (6,5%) және Теректі ауданына (5%) тиесілі. Қалған аудандар негізінен ауыл шаруашылығына бағдарланған, мұнда өндіріс мал басының артуы, ет және ет өнімдерін шығару есебінен артып отыр.

 

Барлық жаңалықтар