• Басты
  • Жаңалықтар
  • ИДМ Қазақстан мен Корея Республикалары арасындағы ынтымақтастықтың жол картасын әзірлеуде

ИДМ Қазақстан мен Корея Республикалары арасындағы ынтымақтастықтың жол картасын әзірлеуде

11 Тамыз, 2016 12:07
ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің Қазақстандағы Оңтүстік Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Чо Енгчон мырзамен кездесуі болып өтті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Аталмыш кездесу Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына осы жылғы қараша айына жоспарланған ресми іс-сапарының экономикалық бөлігіне дайындық аясында өткізіліп отыр. Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестігін нығайту мәселелері талқыланды.

Министрдің айтуынша, инвестициялық әріптестікті нығайту мақсатында бүгінгі таңда ҚР Инвестиция және даму министрлігі Қазақстан мен Корея Республикалары арасындағы ынтымақтастықтың жол картасын әзірлеуде. Бұл құжатқа инвестициялық және коммерциялық жобалар енетін болады.

Сонымен қатар, Қазақстан, Орталық Азия мен ЕАЭҚ нарығына ірі инвесторларды тарту мақсатында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі 2016 - 2017 жылдарға арналған егжей-тегжейлі жоспар қабылданған.

Қазіргі таңда Қазақстанның Кореямен машина құрылысы, энергетика, денсаулық сақтау саласы, жаңғыртылатын энергия көздері сияқты салаларда жан-жақты әріптестік жүргізіп отырғаны айтылды.

Корея Республикасының елшісі Чо Ёнгчон мырза өз кезегінде Министрді жаңа тағайындалуымен құттықтап, екіжақты байланыстарды нығайту жөніндегі өз ұсыныстарын атап өтті.

Сондай-ақ кездесу барысында Корея Республикасында ағымдағы жылғы қазан айына жоспарланып отырған Үкіметаралық комиссияның Күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды.

 

 

Барлық жаңалықтар