• Басты
  • 2015 жылы қазақстандық оқушылар 1309 медальға ие болды (ФОТО)

2015 жылы қазақстандық оқушылар 1309 медальға ие болды (ФОТО)

9 Тамыз, 2016 16:41
2015 жылы қазақстандық оқушылар 1309 медальға ие болды, деді ОКҚ-да «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Шолпан Қирабаева.

Ш.Қирабаева өз баяндамасында 1996 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізде білім беру жүйесіне реформа жүргізу барысында «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту туралы» жарлыққа қол қойғанын атап өтті. Осы құжаттың негізінде 1998 жылы Астанада ҚР БҒМ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы құрылды.

«Орталықтың жетістіктері жайлы баяндай отырып, Ш.Қирабаева 1998 жылдан бастап еліміздің зияткерлік құрама командасының Халықаралық олимпиадаларда жаратылыстану-математика пәндері бағытында табысты нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқаны туралы мәлімдеді. Тек 2015 жылдың өзінде қазақстандық оқушылар әр түрлі халықаралық олимпиадалардың 1309 медалін иеленді (оның 276 алтын, 384 күміс, 629 қола медальдар). Өскелең ұрпақтың интеллектуальдық дамуына Қазақстанның қосып отырған үлесін әлемдік ғылыми қауымдастық өте жоғары бағалап отыр», - деді ол.

ҚР БҒМ мәліметінше, қазіргі таңда «Дарын» желісіне 124 мамандандырылған білім беру ұйымы кіреді. «Дарын» желісінде тегін түрде ақысыз 61 167 бала білім алып, олардың 40% ауылдық елді мекендерден келген. Мамандандырылған білім беру ұйымдарында еңбек ететін 7 741 ұстаздың жартысынан астамы – жоғары санатты мұғалімдер.

2015-2016 оқу жылының қорытындысы бойынша 5 433 мектеп бітіруші түлектер қорытынды аттестацияда (ҰБТ) жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Мектеп бітіруші түлектердің 484-і – «Алтын белгі» иегерлері.

ҰБТ-2016 қорытындысы «Дарын» желісіндегі мамандандырылған білім беру ұйымдарының оқу бағдарламаларының қаншалықты тиімді екенін тағы да дәлелдеп берді. ҰБТ қорытындысы бойынша 125 балл жинаған 19 түлектің алтауы «Дарын» мектептерінің түлектері.

«Жыл сайын ҰБТ қорытындысы бойынша «Дарын» желісі мектептерінің 61% республикамыздың үздік 100 білім беру ұйымдарының тізіміне еніп келеді. Тест тапсырмаларының қорытындылары бойынша орташа ұпайы – 102,3 ұпайды құрап отыр», - деді о.л

«Дарын» орталығының алдағы 2016-2017 оқу жылына арналған жоспарлары арасында математика, физика, информатика пәндері бойынша халықаралық Жәутіков олимпиадасы өткізу (2017 жылдың қаңтар айында) көзделген. Оған шамамен 15 мемлекеттен 50-ге жуық команда келеді деп күтілуде.

Сонымен қатар, алыс-жақын шет елдерде тұратын қазақ балаларына арналған «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты қазақ тілі мен әдебиеті бойынша халықаралық олимпиада өткізу. Алдағы оқу жылында өткізілетін тағы бір шара – балаларға арналған «Астана-Мерей» халықаралық әншілер конкурсы. Байқоңыр қаласында «Ғылым әлемін ашамыз» атты ғарышты зерттеу мәселелері бойынша ғылыми жобалар конкурсын өткізілмек.

Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар