ҚР БҒМ елдің әрбір мектебіне «Күнделік» электрондық күнделігін енгізбек

8 Тамыз, 2016 17:16
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне жұмыс сапарымен келді, деп хабарлады Білім және ғылым министрлігі.

Министр «Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС-імен бірлесіп индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде құрылған «Мұнайөңдеу және нанотехнология үрдістері» зертханаларының салтанатты ашылуына қатысты.

«ПМХЗ» ЖШС МЖӘ аясында мұнайхимия бағытындағы зертханалар мен дәрісханаларда күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл зертханаға 11 зертханалық құрылғы жаңадан алынды.

Ерлан Сағадиев университет қабырғасында ашылған өңірлік стартап академиясының жұмысына куә болды. Академия директоры Арнагүл Бүркіт  оқу ордасының кәсіпкерлік университет ретінде трендтермен таныстырды. Стартапшылар Білім және ғылым министріне өздерінің бизнес-модельдерін ұсынды. Олар С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті командасы Торонто қаласында (Канада) өтетін әлемдік Enactus 2016 кубогында Қазақстан намысын қорғайтыны туралы айтты.

Сонымен қатар, министр Павлодар мемлекеттік университетінің электрэнергетика және IT-технология салаларындағы инновациялық жобаларымен танысты.

Ерлан Кенжеғалиұлы Павлодар облысының ұстаздарымен кездесіп, білім саласындағы өзекті мәселелерді қозғады. Өзекті тақырыптардың бірі – үш тілде білім беру. Министрліктің жоспарында үш-төрт жылдың ішінде мемлекеттік тілді білмейтін 500 мыңға жуық баланың тіл игеруіне жағдай жасау.

 Сондай-ақ, еліміздің әр мектебінде жүзеге асатын  жаңалықтардың бірі –  электронды портал.  Жиында  мұғалімдерді қағазбастылықтан босататын  «Күнделік» порталы мен оқушылардың ҰБТ және басқа да емтихандарға дайындалуына көмекші құрал болатын «Bilim Land.kz» интернет порталы таныстырылды.

Ерлан Сағадиев С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне сапарын қорытындылай келе, облыс ұстаздарының еңбектерін жоғары бағалады.   

 

 

Барлық жаңалықтар