• Басты
  • Жаңалықтар
  • К. Мәсімов АӨК өкілдерімен азық-түлік өнімдерінің бағасын белгілеу мәселелерін талқылады

К. Мәсімов АӨК өкілдерімен азық-түлік өнімдерінің бағасын белгілеу мәселелерін талқылады

5 Тамыз, 2016 17:02
ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Астана маңында азық-түлік белдеуін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Талқылаудың негізгі тақырыбы Астананың азық-түлік белдеуі аясында азық-түлік өнімдеріне бағаны белгілеу мәселелері болды, деп хабарлады Премьер-Министрдің ресми сайты.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананы дамыту жөніндегі кеңестерінде елорда тұрғындарын азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз ету мәселесін жиі көтереді. Қазіргі таңда Астананың азық-түлік белдеуі әлі күнге дейін іске қосылмады, ал елордада азық-түлік бағалары еліміз бойынша ең жоғары. Премьер-Министр мәселені шешу үшін тиісті шешімдер қабылдануы керектігін атап өтті.

Ол ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке елордадағы сауда орындары еліміздің солтүстік және орталық облыстарындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істемейтінін айтты. Қолжетімді бағадағы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету  бірінші кезектегі мәселе екені даусыз, ал ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында оның өзектілігі арта түседі.

Өндірушілердің өндірістерін кеңейтіп, елорда тұрғындарына өнімдерін жеткізуді ұлғайтуға мүмкіндіктері бар. Алайда, Астана нарығына шығу, сауда-логистикалық инфрақұрылымның жетіспеуі, өндірістік қуаттарды жүктемелеуге қатысты бірқатар мәселелер әлі шешім таппаған.

Осыған орай, Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне Ұлттық экономика министрлігімен және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп жұмыс істеуді, сондай-ақ бағаны белгілеу мәселелерін шешу үшін айтылған ескертулер мен ұсыныстар шешімі бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

 

 

Барлық жаңалықтар