Қазақстан мен Тайланд қазақстандық туристердің қауіпсіздігін талқылады

5 Тамыз, 2016 14:32
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Тайланд Корольдігінің Туризм және спорт министрі Кобкарн Ваттанаваранкулмен кездесті. Онда туристік сала бойынша екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлады ИДМ.

Жеңіс Қасымбек Тайландтың қазақстандықтар үшін тартымды демалыс бағыты екенін атап өтті. 2015 жылы бұл елге біздің 55 мың отандасымыз барып демалған.  Жалпы 2015 жылы Тайландқа 30 млн. турист барған. 2016 жылы бұл көрсеткіш 33 миллионға жетеді, деген болжам бар.

Кездесуде ҚР Инвестициялар және даму министрі тайландтық тараптың біздің азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етулеріне назар аудартты. Сондай-ақ ол, Қазақстан туризмді дамыту үшін барлық жағдайларды жасайтынын атап өтті.

Өз кезегінде Тайланд Корольдігінің Туризм және спорт министрі К. Ваттанаваранкул Тайланд Үкіметі қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кешенді шара дайындап жатқанын айтты. Мәртебелі қонақ Қазақстанның туристік әлеуетін жоғары бағалап,  Тайланд тарапы салауатты өмір салтын қалыптастыратын туризмді жүйелеуде көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Барлық жаңалықтар