Алматы облысында тамақ өнеркәсібі өнімінің көлемі 8,2%-ға артты

26 Шілде, 2016 19:28
Ауыл шаруашылығында өңдеу секторының үлесін арттыру – уақыт талабы. Кластерлік жүйені дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шикізаттық бағыттан арылып, өңдеуші бағытқа көшудегі қадамдар өз нәтижесін байқатуда, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, аграрлық сала кәсіпорындары 2016 жылдың қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп өндірісі өнімінің 61%-ін және өңдеу өнеркәсібінің 72%-ін өндірді.

Тамақ өнеркәсібі өнімінің көлемі биылғы жылдың 5 айында 133,3 млрд. теңгені құрады, бұл 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8,2%-ке артық.

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы тапсырмаларға сәйкес ет және сүт өнімдерінің өндірісі жандандырылуда. Азық-түлік өндірісінің құрылымында негізгі үлес сүт - 27%, ет - 22%, дәнді-дақылдар - 20%, жеміс пен көкөніс - 13,5% және 5 % майлы дақылдарды - өңдеу салаларына тиесілі.

Сүт өңдеу өнеркәсібінде жүктемелік 64%-ті құрап, 13,3 млрд. теңгеге 53,6 мың тонна сүт өнімдері өндірілді. Ет өңдеу өнеркәсібінде 9,0 млрд. теңгеге 26,8 мың тонна дайын өнім өндірілді, құс фабрикаларының қуаттылығы 61,9%-ке, ет комбинаттарының қуаттылығы 72,2%-ке игерілді.

Жеміс, көкөніс өңдеу кәсіпорындары 3,4 млрд. теңгенің өнім өндірді, қуаттылығы 26,8%-ке игерілді.

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар