• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында дифтериямен сырқаттану 30 есеге төмендеді - ДСДӘМ

Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында дифтериямен сырқаттану 30 есеге төмендеді - ДСДӘМ

12 Шілде, 2016 18:47
Кең көлемді вакцинациялау нәтижесінде соңғы 25 жылда республикада дифтериямен сырқаттану деңгейі 30 есеге азайды, деп хабарлады Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.

2015 жылы дифтерияның бірде бір жағдайы тіркелмеген, ал 1991 жылы дифтериямен сырқаттанудың 30жағдайы (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,18 жағдай), 14 жасқа дейінгі балалар арасында 8 жағдай(сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,15 жағдай) тіркелген.

«Дифтерия – ауа-тамшылы жолмен жұғатын, ауыр түрде өтетін жұқпалы ауру. Дифтерия таяқшалары мұрын, аңқа, жоғары тыныс жолдарының шырышты қабатына түскенде жылдам көбейіп, орталық жүйке жүйесін, тамырлар мен жүректі зақымдайтын ерекше дифтериялық улы затты бөледі», - делінген хабарламада.

Дифтерия ауруы дене қызуының жоғарылауы, жалпы әлсіздіктен басталады да, жұтынғанда ауырсыну белгілері байқалады. Көп жағдайда адамдар аурудың алғашқы белгілерін баспа (ангина) деп қабылдап, өздігінен емдеуді бастап кетеді, бұл өте қауіпті және аурудың ауыр салдарына алып келуі мүмкін.

Дифтерия өзге жұқпалы ауруларға қарағанда, көптеген асқынуларға: жүрек бұлшықетінің, тыныс алу жолдары мен диафрагма, жұмсақ таңдай, бет, мойын, дене және қол-аяқ бұшықеттерінің сал ауруларына әкеледі. Мұндай жұқпалы дертте өлім қаупі жоғары, жыл сайын 10-нан 20%-ға дейін ауруға шалдыққан сырқат адамдардың өліміне әкеледі.

Аурудың алдын-алудың негізгі әдісі вакцинациялау болып табылады. Халықты иммундау мақсатында дифтерия, көкжөтел, сіреспеге қарсы иммунитетті көтеретін кешенді вакцина қолданылады. Вакцинациялау ҚР Ұлттық екпе күнтізбесіне сай  2 айдан бастап 60 жасқа дейін жасалады. Егуден бас тарту -  инфекцияға бейім адамдардың санын артуы және сырқаттанушылықтың бұрқ етпесін тудыруы мүмкін.

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар