ДСӘДМ: Қазақстан бойынша 9 мыңға жуық адам жалақысын алмады

8 Шілде, 2016 17:36
ДСӘДМ: Қазақстан бойынша 9 мыңға жуық адам жалақысын алмады. Бұл туралы Үкiмет отырысында ҚР Денсаулық сақтау және даму министрi Тамара Дүйсенова баяндады.

«Осы жұмыстың нәтижесiнде 3,6 млрд теңге жалақы борышы өтелiп, 27 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалған.Сонымен, бүгiнгi күнi 125 кәсiпорында 9 мың адамға төленбеген жалпы еңбекақы қарызы 1,5 млрд теңгенi құрайды. Олардың iшiнде 34 кәсiпорында 5 мыңнан астам адамға ағымдағы берешек 498 млн теңгенi құрайды», - деді ол.

«Мерзiмi 3 айдан асып кеткен 477 адамға еңбекақы борышы 12 кәсiпорында 100 млн теңге болды. 79 банкрот болған немесе оңалу кезеңiндегi кәсiпорынның 3 мың адамға борышы 952 млн теңгенi құрайды. Ең көп ағымдағы жалақы қарызы Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында байқалып отыр», - дедi Т.Дүйсенова.

Министр атап өткендей, 3 айдан берi еңбекақы төлемеген кәсiпорындарға сот органдары арқылы шара қолданылып жатыр. Биылғы жылы  еңбек инспекторларының ескертпесiн орындауды мiндеттеу жөнiндегi сот шешiмi 10 кәсiпорын бойынша шығарылды. 12 кәсiпорын бойынша материалдар сот қарауында жатыр.  Бұдан бөлек, 22 кәсiпорынның жетекшiсi әкiмшiлiк жауапқа тартылып, 2  басшыға қатысты қылмыстық iс қозғалды.

«Нәтижесiнде жыл басынан берi жалақы қарызы 2,7 есеге төмендедi. Ал банкрот болған және оңалу кезеңiндегi кәсiпорындар бойынша жағдай күрделi. Бұл кәсiпорындардың жалақы қарызы жыл басынан берi 10 млн теңгеге өстi. Осы санаттағы кәсiпорындарға қатысты тиiстi iс-шаралар қолға алынды», - дедi Т.Дүйсенова.

Ботагөз Айтжанова 

Барлық жаңалықтар