• Басты
  • Жаңалықтар
  • «Нұр Отан» партиясы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

«Нұр Отан» партиясы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

8 Шілде, 2016 16:58
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Аблай Мырзахметов ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойды, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.

Құжаттың басты мақсаты – отандық кәсіпкерліктегі бәсекелестікті арттыру бойынша бірлескен және келісілген әрекеттерді жүзеге асыру барысында өзара қолдау және белсенді ынтымақтастықпен қамтамасыз ету. Сондай-ақ, бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдай қалыптастыру.

«Нұр Отан» партиясының бас кеңсесінде өткен шарада Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысының 2050 жылға дейінгі Қазақстанның даму стратегиясында көрсетіп берген басты тапсырмаларының бірі еліміздің ЖІӨ-нің шағын және орта бизнестегі үлесін 50 пайызға дейін арттыру екенін атап өтті.

«Партиямыздың Лидері айқындап берген Қазақстанды әлемнің дамыған ең үздік 30 мемлекетінің қатарына қосу жөніндегі биік мақсаттарға қол жеткізу үшін кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне мейлінше қолайлы жағдай жасауымыз керек. Бұл күрделі істе «Нұр Отан» партиясы маңызды рөл атқаруы тиіс. Біз отандық кәсіпкерлерге жедел және тиімді көмек көрсету үшін орталықтағы, сондай-ақ, өңірлердегі барлық ресурстарды іске қосамыз. Өйткені, кәсіпкерлік – гүлденген экономиканың негізі», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

«Нұр Отан» партиясы өзінің «ҚАЗАҚСТАН-2021: БІРЛІК. ТҰРАҚТЫЛЫҚ. ЖАСАМПАЗДЫҚ» атты сайлауалды бағдарламасында Қазақстандағы кәсіпкерлікке жасалатын жағдайды әлемнің жетекші елдеріндегі деңгейге дейін жеткізуді өзіне міндет етіп алғанын айта кеткен жөн.

Бұл ретте кедендік басқаруды және рұқсат жүйесін жақсартуға, субсидиялау үдерісі мен несие кепілдігін автоматтандыруға аса мән беріледі.

Партия өз алдына 2021 жылы елімізді «Doing Business» рейтингі бойынша ТОП-25 мемлекеттің қатарына қосу міндетін қойып отыр. 


 

Барлық жаңалықтар