Қазақстан делегациясы ЕҚЫҰ ПА сессиясында сөз сөйледі

4 Шілде, 2016 17:41
Қазақстанның парламенттік делегациясы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының Тбилисидегі сессиясына қатысуда. ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастықтың бағыттары, адам құқықтары саласындағы өзекті мәселелер мен қатерлер, сондай-ақ жаһандық көші-қон дағдарыстары талқылауға арналған басты тақырыптар болып табылады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Қазақстан делегациясының құрамында сенаторлар Икрам Адырбеков, Ляззат Киинов, Дулат Құсдәулетов, Михаил Бортник, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Светлана Бычкова және Жамбыл Ахметбеков бар. Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков ЕҚЫҰ ПА Саяси мәселелер және қауіпсіздік жөніндегі жалпы комитетінің отырысында сөз сөйледі.

Сенатордың пікірінше, Таяу Шығыста және Оңтүстік Жерорта теңізіндегі жанжалдардың шиеленісуі, «ДАИШ» террористік ұйымының дамуы жағдайында қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық ерекше маңызды. Депутат БҰҰ аясында барлық мемлекеттер үшін бірдей ережелер мен қағидаттар бойынша әрекет ететін, терроризм мен экстремизмге қарсы халықаралық іс-қимылдың бірегей әлемдік желісін құру туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын еске салды.

Терроризммен жаппай күрес жөніндегі БҰҰ-ның құжаты ұсынылып отырған халықаралық тетіктің заңды негізі бола алады, деп атап өтті сенатор. И.Адырбеков қатысушыларды биылғы 31 мамырда Астанада өткен, түрлі халықаралық ұйымдар мен көптеген елдердің депутаттары және сарапшылар қатысқан «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясының қорытындыларымен таныстырды. «Біз ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Бас Хатшысы Роберто Монтеллоға, ЕҚЫҰ ПА вице-президенті Кристин Муттоненге, Алан Нериге, Гили Церетелиге, сондай-ақ біздің әріптестерге осы форумға белсенді қатысқаны және сындарлы сөздері мен ұсыныстары үшін алғыс айтамыз», - деді И.Адырбеков. «Хельсинки Қорытынды актісінде және Париж хартиясында бекітілген қағидалар еуропалық қауіпсіздіктің ортақ жүйесінің негізі болып табылады. Егерде қандай да бір күмән болса, біз 2010 жылғы – бар-жоғы бес жыл бұрынғы Астана Саммитінің Декларациясын еске алуға тиіспіз.

Біздің мемлекеттеріміз бен үкіметтеріміз басшыларының Астанадағы консенсусы негізінде келісілген, Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығының ұйғарымдарын іске асыру бағытындағы жұмыстар біздің ортақ жоғары басымдығымыз болуы тиіс», - делінген мәлімдемеде. Сенатор сондай-ақ жиналғандарды 28 маусымда Қазақстан 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып басым дауыспен сайланғаны туралы хабардар етті. «Бізге 138 ел дауыс берді, осындай жоғары сенім білдіргені үшін біздің алғысымыз шексіз. Біздің еліміз халықаралық қоғамдастықтағы өзекті мәселелерді талқылауға және шешуге белсенді қатысу үшін бар күшін салады», - делінген Қазақстан делегациясының сөзінде. ЕҚЫҰ ПА сессиясы аясындағы Италия делегациясының мүшесі, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің сайлауын байқау жөніндегі миссияның төрағасы, ЕҚЫҰ ПА/ДИАҚБ миссиясының арнаулы үйлестірушісі Мариэта Тидейдің баяндамасы тыңдалды.

Баяндамада Мәжіліске өткен сайлауға оң баға берілді. М.Тидейдің айтуынша, «Қазақстандағы сайлау халықаралық стандарттарға сәйкес болды. Біздің ұйымның сайлауды байқауға ашық әрі даусыз шақырылуын біз өте жоғары бағалаймыз. Әрине, Қазақстанға сайлау заңнамасын реформалау аясында өз міндеттерін орындау жөнінде тағы бір жолдан өту керек. Дегенмен, өсіп-өркендегені көрініп тұр». Қазақстан делегациясының жауабында сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ ПА және ДИАҚБ миссияларына алғыс айтылды және еліміз қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес сайлау заңнамасын жетілдіру үдерістері жалғаса беретіні атап өтілді.

 

 

Барлық жаңалықтар