• Басты
  • Н.Назарбаев әскери оқу орындарының үздік курсанттарына офицер шенін тапсырды (ФОТО)

Н.Назарбаев әскери оқу орындарының үздік курсанттарына офицер шенін тапсырды (ФОТО)

4 Шілде, 2016 12:17
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Атамекен» этно-мемориалдық кешені алаңында Мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Салтанатты рәсім аясында Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы  ҰҚК Әскери институтының, Әскери-инженерлік радиоэлектроника және байланыс институтының, Құрлықтағы әскерлер институтының, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери институтының, ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтының, Ішкі әскерлер әскери институтының үздік 12 курсанттарына  офицер шенін тапсырды.

«Ширек ғасыр уақыт ішінде біз мықты мемлекет құрдық. Жуырда ғана еліміз Біріккен Ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Халықаралық қоғамдастық Қазақстанға жер шарының қауіпсіздігін қамту жөнінддегі осындай жауапты қызметті сеніп тапсырды. Яғни, біздің еліміздің абыройы артып, беделі күшейді. Қауіпсіздік кеңесіндегі жұмыс енді Туымызды одан да танымал етеді», - деді Мемлекет басшысы Астананың туған күніне арналған шараларға ресми бастау бере отырып.

Ал, курсант түлектерді құттықтаған Мемлекет басшысы енді олардың оқу орнында алған білімі ел дамуына қызмет етсін деген тілегін білдірді.

«Елімізде мыңдаған түлек оқу бітіріп жатыр. Бірақ, сендер  Мемлекеттік туды көтеру рәсіміне арналған салтанатты шараға қатысып, жаңа өмірге осы жерден жолдау алып отырсыңдар. Бұл бекер емес, себебі, сендер халық сыйлайтын маман иесі атандыңдар. Бұл - Отанды қорғау деген мамандық. Бірнеше жыл бойы оқып-тоқыдыңдар, енді бар білімдеріңді тәжірибеге айналдырып, ел дамуына үлес қосасыңдар. Қызметтерің сендердің мінездеріңді қатайтты, сондықтан, Отанды қорғау қызметін абыроймен атқарадыңдарыңа сенемін», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы елордалықтарды және Астана қонақтарын қаланың 18 жылдық мерекесімен құттықтады. Осы азғантай ғана уақытта Астананың әлемге әйгілі шаһарларының біріне айналғанын айтты.

«Мемлекеттік ту әрқашан ерекше маңызды оқиғаның құрметіне көтерілетінін білесіздер! Астана күніне арналған мерекелік шаралар көк байрағымыздың асқақтата желбірегенінен басталады. Бұл шараның айрықша мәні бар. Биыл қастерлі тәуелсіздімігідің 25 жылдығы мен бірге Астанамыз кәмелет жасына толып, 18 жасқа келіп отыр. Небары 18 жылда Бас қаламыз еліміз ғана емес, дүниежүзінің ірі орталығының біріне айналды. Астаналықтар жаһандық деңгейдегі саммиттер мен съездер, форумдар мен конференцияларға куә болды. Бүгінгі елордамыз жаңарған, жасарған Қазақстанның символы», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Міне, сол себепті де Астана күні – халықтық мереке. Елбасының Мемлекеттік Туды көтерген сәтінен бастап Астана күні мейрамы ресми түрде тойлана бастайды.

«Елордамыздың абыройы асқақ, келбеті келісті болсын. Астана күні құтты болсын», - деді құттықтау сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, астананың миллионыншы тұрғынының дүниеге келгенін де хабарлады.

«Мен бүгін таңертең Мұхамедияровтар отбасында Астана қаласының миллионыншы тұрғыны дүниеге келгенін зор қуанышпен хабарлаймын. Оның анасы балабақшада тәрбиеші болса, әкесі электромонтер. Енді біздің астана – миллионды қала»,-деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы барша қазақстандықты астана Күні мерекесімен құттықтап, тыныштық пен бақ-береке тіледі. 

Суретке түсірген Бауыржан Жуасбаев

Барлық жаңалықтар