ҚР Президенті: Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп қайта жандана бастады (ФОТО)

1 Шілде, 2016 12:00
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен индустрияландыру бағдарламасына арналған дәстүрлі жалпыұлттық телекөпір өтуде. Шара барысында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының 2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытындысы шығарылып, екінші жартыжылдықтағы міндеттер айқындалады. Жалпы, бүгін телекөпір режимінде 8 жаңа өндіріс ошағы іске қосылады.

«Біз индустриялық-инновациялық даму бағдарламамыздың бес жылдық жоспарын тәмамдап, қойылған міндеттерді орындағанымызды жұртқа жарияладық. Ол экономика тұрақсыз болған тұста елімізге үлкен қолдау болды. Сыртқы факторлардың теріс ықпалын азайту үшін экономиканы әртараптандыру қажет екенін біз білдік. Сондықтан индустриялық бағдарламаны жүзеге асыруды белсенді түрде әрі  қарай жалғастыруымыз керек. Бұның қажет екенін білдік. Бізден көріп, басқа елдер де осыны жасап жатыр. Оның үстіне дағдарыс кезінде бұл шаруаның қажет екені сөзсіз. Кәсіпкерлер мен инвесторлар осы арқылы өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алды», - деді Прездент.

Мемлекет басшысы бүгін 2016 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы шығарылатынына тоқталды.

«Астана күні алдында қалыптасқан дәстүр бойынша жартыжылдықты қорытындылаймыз. Жылдың соңында бір жылда жасалған жұмысты айтатын боламыз. Сонымен қатар, индустриялық дамудың жаңа бағыт-бағдарын талқылаймыз», - деді Н.Назарбаев.

Айта кетейік,2016 жылдың бірінші жартысында  Индустрияландыру картасы аясында құны 175 млрд. теңге болатын барлығы 30 жоба іске қосылады. 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.  Жобалар жеке инвестицияның, екінші деңгейлі банктердің және даму институттарының займдары есебінен жүзеге асты.

Суретке түсірген Азамат Әлиев

Барлық жаңалықтар