• Басты
  • Қазақстанда 15 мыңға жуық азамат мерзімді әскери қызметке шақыртылды

Қазақстанда 15 мыңға жуық азамат мерзімді әскери қызметке шақыртылды

1 Шілде, 2016 11:18
Қазақстанда азаматтарды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына мерзімді әскери қызметке шақыру аяқталды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Ағымдағы жылғы сәуірдің 13-і мен маусымның 30-ы аралығында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына кейінге шақырылуға немесе шақырылудан босатылуға құқығы жоқ шақырылым жасындағы 15 000-ға жуық азамат шақырылды.

  2016 жылдың көктемгі шақыру науқанын аяқтап, жергілікті әскери басқару органдары 10 шілдеден бастап 2016 жылдың күзінде мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын шақырылушыларды алдын ала зерделеуге кіріседі. Зерделеу шақырылушымен, оның ата-анасымен, сондай-ақ шақырылушы жұмыс жасап немесе оқып жүрген кәсіпорын немесе оқу орнының әкімшілігі өкілдерімен жеке әңгімелесу арқылы жүргізіледі.

Жеке әңгімелесу барысында шақырылушының моральдық және іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене тұрғысындағы дамуы, жалпы білімі мен арнайы дайындығы, отбасы жағдайы туралы мағлұматтар нақтыланады. Сондай-ақ, шақыру мен әскери қызмет өткеру тәртібін реттейтін заңнама талаптары жеткізіледі. Шақырылушыларды сапалы түрде зерделеу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер органдары, АХАЖ, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау органдарының өкілдерімен жұмыс жүргізілетінін айта кетейік.

Азаматтарды шақыру «Әскери қызмет пен әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңы, сонымен қатар, «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және 2016 жылдың сәуір-маусым және қазан-желтоқсан айларында мерзімді әскери қызметке ҚР азаматтарының кезекті шақырылуы туралы» ҚР Президентінің Жарлығы негізінде ұйымдастырылып, өткізілді.   

 

Барлық жаңалықтар