• Басты
  • Жаңалықтар
  • «Ақтөбе» индустриалды аумағында құны 10 млрд теңге болатын 5 ірі өндіріс орнының құрылысы басталды

«Ақтөбе» индустриалды аумағында құны 10 млрд теңге болатын 5 ірі өндіріс орнының құрылысы басталды

17 Маусым, 2016 12:18
Ақтөбе облысында 5 ірі өндіріс орнының іргетасы қаланды. Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты, деп хабарлады “Ақтөбе ақпарат” орталығы.

Құны 6 млрд теңге болатын ірі жобалардың бірі «Зерде Керамика Актобе» ЖШС итальяндық технология бойынша керамогранит пен керамикалық плиталар шығарады. «FIBC Kazakhstan» ЖШС полиэтилен мен полипропиленнен қораптар, ірі өнеркәсіп мекемелері үшін жұмсақ контейнерлер өндіреді. «Talan Technology» компаниясы спорт ұйымдарына қажетті тақтайшалар, ал «Ақтөбе TOPSA Пласт» - әйнек жуатын сұйықтық пен антифриз, еріткіштер мен химиялық реагенттер шығарумен айналысады. «Поливест» компаниясы медицина мен саудаға қажетті полиэтилен өнімдерінің импортын алмастырады. Жобалардың жалпы құны 10 млрд теңгеден асады.

Аталған жобалар жүзеге асырылғанда жылына шамамен 1 млрд теңге салық түседі, 315 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Салтанатты шарадан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе» ӘКК өкілдерінің, мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындар, шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді.

Өңір басшысы индустриалды аумақтың былтыр қолданысқа берілгенін, алайда күні бүгінге дейін оның аумағында бірде-бір жобаның жүзеге асырылмағанын жеткізді.

“5 млрд теңге жұмсалған инфрақұрылым жұмысы тұралап қалды, кейбір жабдықтары қолды болды. «Ақтөбе» ӘКК-ге инвесторлар тарту жөнінде тапсырма берілді. Сонымен бірге ірі компаниялардың басшыларына шағын және орта бизнеске көмектесулерін сұрадық. Бұл жұмыстың тиімділігі көзге көрініп тұр. Бүгінде 5 жаңа өндіріс орнының іргетасы қаланды”, - деді облыс басшысы.  

Шара соңында Ақтөбе облысының әкімдігі және кәсіпорындар басшылары арасында жүзеге асырылғалы отырған жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды.

Барлық жаңалықтар