Петропавл әуежайының жолаушылар терминалы жаңғыртылуда

16 Маусым, 2016 17:48
Келесi аптада Петропавл әуежайында жолаушылар терминалын жөндеу жұмыстары жүргiзiле бастайды. Бүгiн СҚО әкiмi Ерiк Сұлтанов жобаның мердiгерi атанған «ЭнергоТехноСервис» серiктестiгiмен көшпелi отырыс өткiздi, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Компанияның бас директорының орынбасары Асхат Мәкiшов аталған жұмыстар дүйсенбi күнi басталатынын айтты.

«Бұл жоба терминалды толығымен қайта салу, қайта жоспарлау жұмыстарын қамтиды. Сыртқы көрiнiсi де өзгерiп, жаңа құрылғылар әкелiнетiн болады. Ғимарат iшiнде күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлетiн болады. Жобаны алматылық компания жүргiзедi», — дедi Асхат Серiкұлы.

Өңiр басшысы қайта салу жұмыстарын жедел түрде бастауды тапсырды. Күн сайын штаб кездесуiн, егже-тегжейлi талқылауды, сонымен қатар қондырғыларды алу жұмыстарын көпке созбауды да ескерттi.

«Әйнек, шатыр, сыртқы және инженерлiк жұмыстарды, бөлмелердiң жабдықталуының негiзгi жұмыстарын қадағалаңдар. Барлығын 2 ай мерзiмiнде аяқтау керек. Одан соң қалған жұмыстар жүргiзiлсiн. Сыртқы жұмыстарды 1 қыркүйекке дейiн тәмамдау керек», — деп ескерттi Ерiк Хамзаұлы.

Өндiрiс ғимараттарының құрастыру-құрылыс жұмыстары жалпы сомасы 1,134 млрд теңгенi құрайтын конкурсты ағымдағы жылдың сәуiр айында Қазақстан Республикасының инвестиция және даму министрлiгiнiң Азаматтық авиация қызметi жариялаған болатын. Конкурсты «ЭнергоТехноСервис» ЖШС жеңiп алды.

 

Барлық жаңалықтар