Қазақстанның Тұрақты өкілі Женевада сенім хаттарын тапсырды

13 Маусым, 2016 15:03
Төтенше және өкілетті елші, БҰҰ басқармасы жанындағы ҚР Тұрақты өкілі және Женевадағы басқа да ұйымдардың өкілі Жанар Айтжанова Женавадағы БҰҰ бөлімшесінің бас директоры Майкл Меллерге сенім грамоталарын табыс етті, деп ҚР СІМ хабарлайды.

Қазақстан дипломаты БҰҰ Бөлімшесінің басшысын ҚР Президенті Нұрсұлтан .Назарбаевтың 2015 жылғы қыркүйекте  БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы барысында жариялаған бастамаларымен хабардар етті. Ж. Айтжанова әңгімелесушімен БҰҰ және Қазақстан арасындағы өзара ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ өзара әрекеттесуді ілгерілетудің келешегін талқылады.

Ол адам құқықтары, әйелдердің қоғамдағы ролін нығайту және олардың құқықтарын қорғау, экономика, қоршаған ортаны қорғау, «жасыл» технологияларды қолдануда өзара ықпалдасуды тереңдету, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту сияқты мәселелер бойынша БҰҰ-мен бірлесіп жұмысты жалғастыруға Қазақстанның әзірлігін атап өтті.

2016 жылғы 10 маусымда  Ж. Айтжанова Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) бас директоры Роберто Азеведоға сенім грамоталарын тапсырды. Одан кейінгі кездесу барысында Қазақстан үшін маңызы зор көпжақты келіссөздер процессі шеңберінде талқыланып жатқан сұрақтардың ішінен халықаралық сауданы реттеу саласындағы мәселелер бойынша пікір алмасу болды.

Р. Азеведо өзінің жақында елімізге болған сапарын, оның ішінде  Қазақстанның Сауда процедураларын жеңілдету бойынша келісімді ратификациялауын қанағатпен атап өтті. Сонымен қатар, қазіргі тұсқа дейін Интеллектуалды меншікті қорғау жөніндегі келісімге ДСҰ-ға мүше-елдердің 62% қосылғанын хабарлай отырып, аталған құжаттың Қазақстан тарапының жуық арада ратификациялау мүмкіндігін қарастыру туралы өтініш білдірді. Аталған Хаттама дамушы елдердегі қымбат емес дәрі-дәрмектерге қол жеткізуді біршама жақсартуға бағытталған. Бұған қоса, Р. Азеведо  Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жұмысына қатысуға қызығушылығын жеткізді.

Қазақстан Тұрақты өкілі еліміздің ДСҰ-ның жаңа мүшесі ретінде ұйымның жұмысына белсенді қатысуға ниетін растап, бұл қадамның Қазақстан Республикасының ғана емес, барша көпжақты сауда жүйесінің мүддесіне қызмет ететінін атап өтті. 

Барлық жаңалықтар