• Басты
  • Жаңалықтар
  • Алматыдағы спартакиадада физикалық мүмкіндігі шектеулі спортшылар 140-тан астам медаль ұтып алды

Алматыдағы спартакиадада физикалық мүмкіндігі шектеулі спортшылар 140-тан астам медаль ұтып алды

13 Маусым, 2016 09:32
Алматыда «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасы аясында физикалық мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында спартакиада өткізілді.

Қала әкімдігі хабарлағандай, көз бен есту мүшелері зақымданған 130-дан астам  медициналық рұқсат алған  алматылық  тұрғын жеңіл атлетика, жүзі, үстел теннисі,  пауэрлифтинг, мини-футбол, грек-рим күресі, бадминтон, тоғызқұмалақ, шахмат пен шашки бойынша бақ сынасты.

Айта кетейік, олардың ішінде Риодағы паралимпиадалық ойындарға қатысуға үміткер спортшылар да бар.

«Қазір Паралимпиадалық ойындарға іріктеу жүріп жатыр. Біздің елден Чехияға екі спортшы – Әбдіғали Айқымбаев пен Сәрсенбек Меңдібеков  садақпен ату бойынша кетті.Олар Бразилияға жолдама алады деген үміттеміз.  Жеңіл атлетика бойынша тағы бір үміткер – Аманат Қалқаев. Қазір бұл үш спортшы Паралаимпиадалық ойындарға қатысушы басты үміткерлер болып отыр», - деді Физикалық мүмкіндігі шектелгендерге арналған  Алматы спорт клубының директоры Найзабек Сағымбаев.

Оның айтуынша клубта Азия жүлдегерлері мен чемпиондары жаттығады. Сондай-ақ, халықаралық спорт санатының  шеберлері бар.

Алматының дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Алмас Маханбетиярова айтып өткендей, спартакиада жоғары дәрежеде өтті, барлық қатысушылардың көңілінен шықты. Алматы клубы қала әкімдігінің бастамасымен ашылды. Қазіргі таңда онда 18 спорт түрі бойынша 730 адам жаттығады. 

Барлық жаңалықтар