• Басты
  • Жаңалықтар
  • И.Меркель Португалияда өткен Прокурорлар қауымдастығының Жаһандық форумына қатысты

И.Меркель Португалияда өткен Прокурорлар қауымдастығының Жаһандық форумына қатысты

3 Маусым, 2016 17:34
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель 31 мамыр мен 3 маусым аралығында Португалия астанасында өткен Прокурорлар қауымдастығының 2-ші Жаһандық форумы және Халықаралық прокурорлар қауымдастығының 15-ші Еуропалық өңірлік конференциясының жұмысына қатысты.

Аталмыш іс-шараларға Еуропа, Латын Америкасы елдері және АҚШ тәрізді 34 елдің жоғары қадағалау органдарының басшылары, прокурорлардың халықаралық және өңірлік ұйымдарының өкілдері қатысты, деп бас прокуратурада хабарлайды.

Күн тәртібінің негізгі тақырыптары халықаралық лаңкестік тұрғысындағы адам саудасы, көші-қон, ақшаның жылыстауы, прокурорлық қызметтің қаржылық дербестігі, тәуелсіздігі және оны қамтамасыз етудегі қауымдастықтар рөлімен байланысты мәселелер болды.

Форумға қатысушылар трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен күресте және оның алдын-алу үшін жаңа тәсілдер дайындауда  прокурорлық қауымдастықтар арасындағы өзара ықпалдастықты нығайтуға ниет білдірді.

Конференция аясында И.Меркельдің Халықаралық прокурорлар қауымдастығының басшылығымен, Албания, Кипр, Босния мен Герцеговинаның бас прокурорларымен келіссөздері болды.

Сонымен қатар Португалия Республикасының Бас прокурорымен кездесуі өткізіліп, сұхбаттасушылар қылмыспен күресу, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі сындарлы ынтымақтастықты нығайту, шарттық-құқықтық негізді кеңейту және өзара ықпалдастықты тереңдету мәселелері бойынша пікір алмасты.

Барлық жаңалықтар