• Басты
  • Жаңалықтар
  • Астанада қуаттылығы жылына 17 мың тонна гигиеналық қағаз өнімдерін шығаратын зауыт ашылды

Астанада қуаттылығы жылына 17 мың тонна гигиеналық қағаз өнімдерін шығаратын зауыт ашылды

2 Маусым, 2016 18:32
Астанада қуаттылығы жылына 17 мың тонна гигиеналық қағаз өнімдерін шығаратын «Ипек Кагыт Централ Азия» ЖШС жаңа зауыты ашылды. Кәсіпорын «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында салынды.

Өндірістік қуаты жылына 17 мың тоннаны құрайтын жаңа зауыттың ашылу салтанатына Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык пен Eczacıbaşı Holding Co атқарушы вице-министрі Хакан Уянык қатысты.

«Біз осы қуанышты жаңалықты сіздермен бөлісуді жөн көрдік. Мен Қазақстан мен Түркия бір-біріне туыс екендігін айтып өткім келеді. Біздің түп-тамырымыз бір. Түркия Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін мақтан тұтады. Ердоған мырза мен ҚР Президенті Н.Назарбаевтың мақсаттары ортақ, олар – сауда мен экономикалық дамуға инвестиция құю және екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту. Түрік компаниялары Қазақстанда үлкен сенімге ие», - деді елші.

Жаңа зауыттың құны – 14 млн доллар. Жобаның бір бөлігін «Қазинвестбанк» АҚ қаржыландырса, қалған бөлігі Түркия тарапынан инвестицияланды. Кәсіпорын 80 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

«Жоғары сапалы өнімнің және Selpak брендіне инвестиция құюдың арқасында біз Қазақстан нарығындағы көшбасшыға айналып отырмыз. Енді біз бүкіл аймақтағы көшбасшыға айналуды көздеп отырмыз. Жаңа зауыттың өндірістік қуатын екі есеге арттыру бізге осы мақсатқа жетіп, компаниямыздың Орталық Азия аумағындағы қызметін кеңейтуге мүмкіндік бермек», - деді Eczacıbaşı Holding Co атқарушы вице-министрі Хакан Уянык.

Барлық жаңалықтар