• Басты
  • Жаңалықтар
  • Б.Сапарбаев: Ақтөбе облысының бос тұрған ғимараттар тиімді пайдаланылуы керек

Б.Сапарбаев: Ақтөбе облысының бос тұрған ғимараттар тиімді пайдаланылуы керек

1 Маусым, 2016 11:38
Жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындардың ғимараттарын тиімді пайдалану және оңалту мәселелері Ақтөбе облысы әкімдігінде облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен кеңесте сөз болды, деп «Ақтөбе ақпарат» ақпарат орталығы хабарлайды.

Осы жылдың ақпан айында 68 бос тұрған ғимарат пен коммуналдық меншіктегі иесіз нысандарды тиімді пайдалану жөніндегі шаралар жоспары қабылданған болатын. Олардың алтауы сенімгерлік басқаруға берілді, 16 ғимаратқа мемлекеттік заңды тұлғалар орналасты, 25-сі жекешелендірілмек. Қолдануға жарамсыз 25 нысан есептен алынады.  

Бүгінге дейін аукцион арқылы 10 нысан сатылды, сатып алушылар болмағандыықтан 7 ғимарат сатылмады. Ауылдық елді мекендердегі ғимараттар мәселесін де шешу керек. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, мұндай нысандарға ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасайтындар қызығушылық танытулары мүмкін.  

«Ескі, апатты жағдайда тұрған нысандар есептен шығарылуы керек. Бос тұрған ғмараттарды сату керек немесе одан әрі қарай пайдалану үшін сенімгерлікпен басқаруға берілуі керек. Олардың әрбірімен жеке-жеке жұмыс істеу қажет. Босап қалған жылжымайтын мүлікті саудаға шығарып, сатып алушы келмеді деп қарап отыруға болмайды.  Сатып алушыны өздерің іздеңдер. Ақпараттық кампания өткізіңдер. Бос ғимараттарды тиімді пайдалану жаңа жұмыс орындарын ашуға себеп болуы мүмкін, қосымша салықтық төлемдер түсіреді», - деді облыс басшысы.

Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне, тиісті басқарма жетекшілеріне осындай нысандар бойынша жұмыс істеп, шаруашылық айналымға енгізу керектігі тапсырылды. Сонымен бірге жылжымайтын мүліктерді қосымша тексеріп, тиімді қолдану бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.  

Бүгінгі таңда Ақтөбе облысында 10 өнеркәсіптік нысанның жұмысы тоқтап тұр. Олардың қатарында химия өнімдері мен мотор майы, құрылыс материалдары, темірбетон және трикотаж бұйымдары, ауыл шаруашлыығы техникаларын жөндеу және жинау бойынша, сонымен бірге т.б. өндіріс орындары бар.  

Қазіргі таңда жергілікті билік тоқтап қалған кәсіпорындарды сауықтыру мақсатында инвестиция тарту жұмыстарын қолға алып келеді, олар іске қосылғанда қосымша жұмыс орындары ашылуы мүмкін. Бердібек Сапарбаев өндірісі тоқтап қалған нысандарды қалпына келтіру үшін мемлекеттік қолдау қажет екенін де жасырмады.  

«Тұралап қалған өнеркәсіп нысандарын сауықтыру үшін мемлекеттік және жергілікті атқару органдарының жұмыстары жыл соңына дейін оң нәтиже көрсетулері тиіс», - деп мақсат қойды өңір басшысы.

 

Барлық жаңалықтар