• Басты
  • Жаңалықтар
  • Премьер-Министр кеңейтілген Үкімет отырысында Президент берген тапсырмаларды орындау мәселелері бойынша кеңес өткізді

Премьер-Министр кеңейтілген Үкімет отырысында Президент берген тапсырмаларды орындау мәселелері бойынша кеңес өткізді

23 Қараша, 2013 16:30
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов үстіміздегі жылдың 11 қазан күні өткен кеңейтілген Үкімет отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау мәселелері бойынша кеңес өткізді.

«Кеңесте орталық атқарушы органдардың, ұлттық компаниялардың басшылары сөз сөйледі. Кеңес барысында ел Президенті тапсырмаларын жүзеге асыруға байланысты қаржы-экономикалық мәселелер блогы қарастырылды», - делінген хабарламада.

Атап айтқанда, өңірлік даму, мемлекеттік сатып алуды жетілдіру, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды қаржыландыру және оңтайландыру және т.б. мәселелер бойынша ӨДМ және ЭБЖМ арасындағы өкілеттіліктерді жіктеу мәселелері талқыланды. 

ЭБЖМ басшысы Е.Досаев «мемлекеттік және салалық бағдарламаларды кешенді бағалау, дайындау сапасын талдау жүргізілді және оларды оңтайландыру және жүзеге асыру құралдарын сапалы түрде жақсарту ұсыныстары жасалды» деп атап өтті.

Премьер-Министр орталық атқарушы органдар басшыларының назарын тиімді жұмыс атқаратын бағдарламаларды анықтау қажеттілігіне аударды.

«Жұмыс істемейтін бағдарламаларға жармаса бермеңіздер. Жұмыс істемейтін бағдарламаларды қысқартып, қаржыны дағдарысқа қарсы шаралар аясындағы экономиканың басым бағыттарына, яғни, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканы көтеруге бағыттаймыз»,-деп атап өтті С.Ахметов.

С.Ахметов жекешелендірудің екінші толқыны аясында кәсіпорындар мен  нысандар санын арттыру мәселелерін талқылау барысында бірнеше тапсырма берді. Премьер-Министрдің мемлекеттік мүлік бойынша жергілікті органдар әрекетсіздігіне көңілі толмады.

«Бізде жекешелендіру, мемлекеттік меншікті басқару жұмыстары бойынша көптеген комитеттер бар. Олардың немен айналысатыны түсініксіз. Мемлекеттік мүлік мәселелерімен айналысатын екі-екіден жергілікті мемлекеттік органдар бар. Бірақ, жұмыс жасалмай жатыр. Мұны қолға алу керек»,-деп тапсырды С.Ахметов.

Премьер-Министр кеңес қатысушыларына Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысын мұқият бақылауға нұсқау берді.

«Тапсырмаларды жүзеге асыру министрлердің жіті бақылауында болуы тиіс. Оларды нақты және сапалы түрде орындау өз нәтижесін береді. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру барысын мұқият бақылауды тапсырамын»,- деді С.Ахметов.

Премьер-Министр, сондай-ақ Президенттің Жамбыл облысына жұмыс сапары қорытындысы бойынша тапсырмаларына тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысы облыстағы жүзеге асыруды сынға алды. Бағдарлама аясында 38 кәсіпорын ашылды, оның 29 ғана жұмыс істейді. Бәрі айтып жүрген ірі цемент зауыты ашылды да, бірден жабылып қалды. Тексеріңдер»,-деп С.Ахметов өкілетті органдарға тапсырды.

Кеңесте автожол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды сәйкесінше технологиялық элементтермен жабдықтау мәселелері көтерілді.

«Үстіміздегі жылдың басынан бері Жамбыл облысы жолдарында, оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» аумағында 300-ден астам адам қаза тапты, 1000-нан астам апат орын алды. Жолдар бөлетін элементтермен жабдықталмаған»,-деді Премьер-Министр.

«Бірінші категорияға жататын жолдардың құрылысы кезінде сәйкес жабдықтарды орнатуды ескеру қажет: жылдамдық өлшеуіштер, камералар, жол белгілері. Төрт жолақты жолдардың құрылысында бөлгіштердің болмауы түсініксіз. Астана-Бурабай трассасына қараңыздаршы. Жаңа трассаның құрылысына дейін жылына 80 адам қаза табатын. Ал 2012 жылғы көрсеткіштер бойынша бір адам қаза тапқан»,-деп атап өтті С.Ахметов.

Премьер-Министр аталған мәселені қарастырып, кемшіліктерін жоюды тапсырды.

 

 

Барлық жаңалықтар