Алматыда отандық өндірістен шыққан экокөлік іске қосылды

16 Мамыр, 2016 18:12
Алматыда «Медеу» биік таулы спорт кешені мен «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты арасында таулы жерде жолаушыларды тасымалдауға жарайтын «ShuttleBus» экологиялық таза көлігі жүріп тұратын болады.

Алғашқы 2 шағын автобус аталмыш бағытта тестілеуден өтті. Олардың әрқайсысына 18 адам отыра алады, деп хабарлады қалалық әкімдік.

«Қызмет көрсетушілердің алдын ала билет құны бір бағытқа кісі басына 200 теңге. Ал, соңғы бағасы кейінірек ShuttleBus-ң аталмыш бағыттар бойынша екі апта жүргеннен кейін, компанияның шығындарына жасалған сараптамаға байланысты белгілі болмақ, деп түсіндірді «Медеу» Мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің әкімшілігі»,-делінген хабарламада.

Жолаушылардың көбеюіне байланысты ShuttleBus шағын автобустарының да саны артатын болады. Сонымен қатар, аталмыш бағытқа дүйсенбі күндері газбен жүретін 12 автомобильмен жолаушыларды тасымалдайтын «ТаuLine» компаниясы да шығатын болады.

«Медеу-Шымбұлақ» бағытында қызмет көрсететін көліктердің барлығы қазақстандық өнім екенін атап өту керек. Бұл техникалар экологиялық қауіпсіз жанармаймен жүреді, таулы жерлерде еркін жүре алады, төрт доңғалағы бірдей жұмыс істейді, тежегіш жүйесі де мықты жасалған.

Барлық жаңалықтар