• Басты
  • Жаңалықтар
  • Мемлекеттік қолдаудың арқасында ШҚО-да ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер саны артты

Мемлекеттік қолдаудың арқасында ШҚО-да ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер саны артты

13 Мамыр, 2016 18:31
Көкпекті ауданында биылғы жылдың 1-ші тоқсанында жалпы ауыл шаруашылық өнімі бойынша өсім қарқыны 116 %-ға жетті, деп хабарлады аудан әкімі Рамиль Сағындықов ШҚО Аймақтық коммуникация қызметінде өткен баспасөз конференциясында.

Ол шаруа қожалықтарының мемлекеттік және салалық бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдаланатынын атап өтті. Осының есебінен жыл сайын ірі қара мен құс басы өсіп отыр. Бүгінгі таңда асыл тұқымды ірі қараның үлесі жалпы табынның 12,8%-н құрайды.

2015-ші жылы аудынның ауыл шаруашылық тауар өндірушілері жалпы сомасы 802,4 млн тенгемен субсидияланды. Атап айтар болсақ, мал шаруашылығы бойынша – 329,2 млн, теңге, өсімдік шаруашылығы бойынша – 473,2 мың теңге. 2014-ші жылмен салыстырғанда субсидиялау 62,5 млн. теңгеге артқан.

«Берілген субсидия мүйізді ірі қара сатып алуға және ірі қара мен қой басын асылдандыру жұмыстарына, өсімдік шаруашылығының өнім түсімін арттыру мен тұқым шаруашылығына бағытталды»,-деді аудан басшысы.

Бұдан бөлек, «Ауыл шаруашылық кооперациясы туралы» ҚР Заңының қабылдануына байланысты ауданда ауыл шаруашылық кооперативтерін құру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда балық саласы бойынша 2 және ауыл шаруашылығын дамыту бойынша 1 ӘКК-ы құрылған.

Атап өту керек, Көкпекті ауданында 788 шаруа қожалығы ауыл шаруашылығымен айналысады. Сонымен қатар, 40 ЖШС, 6727 жеке жаруашылық бар. 

Барлық жаңалықтар