• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ақтөбеде Қазақстандағы алғашқы «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы ашылды

Ақтөбеде Қазақстандағы алғашқы «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы ашылды

12 Мамыр, 2016 16:24
2016 жылдың 11 сәуірінен бастап Қазақстанда «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы жұмыс істей бастады. Жаңа жоба мемлекеттік қызметтерді жылдам, айқын және ыңғайлы көрсетуге мүмкіндік береді, деп хабарлады “Ақтөбе ақпарат” орталығы.

Жаңа бірегей құрылымның қызметкерлері жайғасқан ғимараттың ашылу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

“Бүгін біз «Азаматтар үшін үкімет» маңызды нысанының ашылуының куәсі болып отырмыз. Аталған жоба аймақта Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында ашылып отыр. Мемлекеттік корпорация төрт республикалық кәсіпорынның бірігуі нәтижесінде құрылып отыр, олар – халыққа қызмет көрсету орталықтары, жылжымайтын мүлік, жер кадастры және зейнетақы төлеу орталықтары. Тұрғындар үшін бір орыннан бірнеше қызмет көрсетілетін болады. Бүгінде аталған корпорацияда 530-дан астам қызмет түрі көрсетіледі. Бір айдың ішінде облыстың 102 мыңнан астам тұрғыны орталықтың қызметіне жүгінген. Күн сайын «Азаматтар үшін үкіметке» орта есеппен 500 адам жолығады, олардың шамамен 350-і әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша хабарласады”, - деп атап өтті нысанның ашылу салтанатында облыс басшысы.

Аймақ басшысы аталған жобаны жүзеге асыруға атсалысқандардың барлығына алғысын білдіріп, қандайда бір мәселе туындаған жағдайда мейлінше көмектесетінін жеткізді.

Өз кезегінде «Азаматтар үшін үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ филиалы – «Мемлекеттік зейнетақы төлеу жөніндегі орталық» дирекциясының директоры Біржан Жүнісовтың айтуынша, төрт РМК-ні біріктірудің нәтижесінде 24 мың адамнан тұратын штат құрылды.  

“Жоба Ақтөбе облысы әкімдігімен бірлесе отырып, жүзеге асырылды. Бердібек Сапарбаев оның ашылуына үлкен көмек берді. 2018 жылға қарай 709 қызмет түрін көрсететін боламыз. «Азаматтар үшін үкімет» алдағы уақытта барлық тұрғындар үшін аса қажетті құрылымға айналады, оның қызметіне алғашқы куәлік алатын 16 жастағы жасөспірімнен ауқымды жобаны қолға алып жатқан  ірі бизнес өкілдеріне дейін жолыға алады. Ендігі уақытта еліміздің барлық азаматы таныс та өзін жақсы қырынан көрсете білген бір терезе қағидасы бойынша мемлекеттік қызметтерге жүгіне алады”, - деп атап өтті ғимараттың ашылу салтанатында Біржан Жүнісов.

Қонақтар ғимаратты аралап көріп, қуанышты екендіктерін жеткізді.

Барлық жаңалықтар