Қазақстан Ветнаммен көлік саласын дамыту бойынша ынтымақтасуға ниетті

12 Мамыр, 2016 09:16
Ханой қаласында Қазақстанның Ветнамдағы елшісі Бекетжан Жұмаханов Ветнам темір жолының бас директоры Ву Та Тунгоммен және Ветнам логистикалық ассоциациясының басшысы Нгуен Тыонгомен кездесті, деп хабарлайды ҚР СІМ.

Тараптар Қазақстан мен Ветнам арасындағы көлік және логистика саласы бойынша ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Аталмыш кездесу «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басшыларының Ветнамға осы жылдың 16-17-ші мамыры күндері жасайтын сапарларының алдында ұйымдастырылып отыр.

Б.Жұмаханов кездесуде екінші тарапты Қазақстанның саяси және экономикалық жаңғыру үрдісі жайында және елдің көліктік-тасымал әлеуетінің дамуы туралы ақпараттандырды. Қазақстандық дипломат Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтатын және инфроқұрылымдық дамуы болып табылатын «Нұрлы жол» бағдарламасына ерекше тоқталды.

Сондай-ақ, Б.Жұмаханов 2015-ші жылдың мамырында қол қойылған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Ветнам Социалистік Республикасының арасындағы еркін сауда аймағы Келісімі аясындағы қазақстандық-ветнамдық ынтымақтастық мәселесін де көтерді.

Қазақстан-Ветнам көліктік ынтымақтастығын күшейту кәсіпкерлердің жүк тасымалдауына кең мүмкіндік ашады. Осыған байланысты дипломат ветнамдық тарапты көліктік-логистикалық салада Қазақстанның транзиттік мүмкіндігін пайдалануға шақырды. 

Барлық жаңалықтар