• Басты
  • Жаңалықтар
  • Павлодарда Кеңес Одағының Батыры Құдайберген Сұрағановтың есімі көшеге берілді

Павлодарда Кеңес Одағының Батыры Құдайберген Сұрағановтың есімі көшеге берілді

11 Мамыр, 2016 09:21
Жеңіс күнін мерекелеуге арналған шаралардың шеңберінде жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры, Ұлы Отан соғысының қатысушысы Құдайберген Мағзұмұлы Сұрағановтың есімін көшеге беру рәсімі өтті, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Салтанатты шараға Павлодар облысының әкімі, облыстық мәслихаттың хатшысы, мемлекеттік органдардың өкілдері, зиялы қауым, Батырдың туыстары мен жақындары, БАҚ өкілдері қатысты.

« Батырдың есімін қала көшесіне беру – бізге бейбіт өмір сыйлау үшін соғыстың ауыртпашылықтарына төзіп, майданда қан төккен аталарымыз бен әкелеріміздің рухының алдындағы борышымыз»,- деді облыс әкімі Болат Бақауов.

Құдайберген Сұрағанов 1921 жылы Қашыр ауданының Сұлуағаш ауылында дүниеге келген. Құдайберген Мағзұмұлының майдан жолы 1940 жылдың қазан айында басталды. Ол 1941 жылы кіші лейтенанттар курсын бітіріп, 1-Беларусь майданы 33-армия 142-артиллериялық бригада құрамында Ұлы Отан соғысына қатысты. Сталинград түбіндегі шайқаста ауыр жараланып, госпитальда болды. Кейін Сұрағанов Беларусь, Литва, Польшаның көптеген қалалары мен селоларын азат етуге қатысты. Днепр, Висла, Одер өзендерінен өтті. Одер-Шпрее операциясы барысында Сұрағановтың зеңбіректері жаудың 100-ден астам әскері мен офицерін жойды.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1946 жылғы  бесінші мамыр күні Құдайберген Сұрағановқа батылдығы мен тапқырлығы үшін  Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Сондай-ақ, Құдайберген Сұрағанов І дәрежелі Даңқ орденімен және екі Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталды.

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар