Жамбыл облысының әкімі майдангерлерді Жеңіс күнімен құттықтады

9 Мамыр, 2016 15:58
Жамбыл облысының тұрғындары салтанатты түрде үлкен мерекені 9 Мамыр - Жеңіс күнің атап өтті.

Іс-шара дәстүр бойынша "Мәңгілік алау" алдында  басталды. Мерекеге Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен бірге тыл еңбеккерлері және жүздеген жамбылдықтар қатысты.

Облыс әкімі Кәрім Кокірекбаев және басқа да ресми тұлғалар «Мәңгі алау» Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

Содан кейін барлық қатысушылар Отан қорғау жолында мерт болған жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Жеңіс күніне арналған іс-шаралар легі мұнымен толастаған жоқ. Сапта жүріп ән айту, ардагерлерге арналған солдат ботқасы, өнерпаздардың концерттік бағдарламасы-мұның бәрі ел тыныштығы, ұрпақ қамы үшін от кешкен қарияларға арналды.

Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына 100 мың адам аттанған. Мәскеу, Ленинград  және Сталинград маңындағы  шайқастарға қатысып, өрлік пен ерліктің үлгісін көрсетті.

Сондай-ақ, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Ұлы Отан соғысының ардагері Кыбырай Рыспанбетовтың үйінде болып, майдангерді Жеңіс мерекесімен құттықтады. Отан үшін от кешкен қарияға денсаулық, амандық тілеп арнайы сыйлық табыс етті.

Кыбырай Рыспанбетов 1921 жылы Талас ауданы, Көшек ауылында дүниеге келді.  Соғысқа дейін Ленин атындағы колхозда колхозшы болып еңбек етті. 1942 жылы қаңтарда майдан даласына аттанды. Онда  2 запастағы атқыштар полкінде,  1943 жылы 45 – ші атқыштар полкінен Ленинград қаласындағы ұрысқа қатысты.  1945 жылы қыркүйекте 160 – атқыштар полкында болып, жарақаттануына байланысты әскерден босатылды. 1945 жылы елге оралып, Ленин атындағы колхозда колхозшы, ферма меңгерушісі болған 1-ші, 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» және тағы да басқа медальдармен марапатталған. Бар саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған ақсақал бүгінде немере, шөберелерінің қызығын көріп отыр.

Қарт майдангер мерейлі мерекеде өзін арнайы құттықтаған облыс әкіміне алғысын білдіріп, жүрекжарды тілегін жеткізді.

 

Барлық жаңалықтар