• Басты
  • Жаңалықтар
  • С.Әбдікәрімов: Чехия кәсiпкерлерi Қазақстандағы көптеген жобаларға қатысуға мүдделi (ФОТО)

С.Әбдікәрімов: Чехия кәсiпкерлерi Қазақстандағы көптеген жобаларға қатысуға мүдделi (ФОТО)

4 Мамыр, 2016 10:48
Чехия кәсiпкерлерi елiмiздегi көптеген жобаларға қатысуға мүдделi. Бұл туралы ҚР Сыртқы iстер министрлiгiнде өткен баспасөз мәслихатында Чехия мен Словакиядағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкiлеттi Елшiсi Сержан Әбдiкәрiмов айтты.

«Тәуелсiздiктiң 25 жылында және дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 23 жылда Қазақстан мен Чехия арасында барлық салада ынтымақтастық нығайып келедi. Бүгiнгi күнi бiздiң арамызда саяси, экономикалық мәселелер жоқ. Екi ел арасындағы сауда жоғары деңгейде. 2009 жылы Чехия Қазақстанды 12 басымдыққа ие сауда серiктесiнiң қатарына қосты. Осы уақыт iшiнде екi ел арасындағы тауар айналымы алты есе өстi», - дедi С.Әбдiкәрiмов.

Елшiнiң айтуынша, 2009 жылы Қазақстан мен Чехия арасындағы тауар айналымы 200 млн доллар шамасында болса, 2014 жылы ол 1 млрд 200 млн долларға жеткен.

«Өткен жылы әлемдiк экономикалық дағдарыс салдарынан тауар айналымы екi еседей төмендеп, 666 млн долларды құрады. Десек те, биылғы жылы осы жағдайды түзеуге күш салмақшымыз», - дедi ол.

«Екi елдiң үкiметаралық комиссиясы құрылған болатын, ол сауда-экономикалық, өнеркәсiптiк және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту бағытында жұмыс істейді. Осы уақытқа дейiн осы комиссияның сегiз отырысы өттi. Бұдан бөлек, 2014 жылы Прагада Қазақстан-Чехия сауда палатасы құрылды. Екi елдiң бизнес байланысын дамытуға үлкен көңiл бөлiнуде. Чехия бiздiң елiмiздегi көптеген жобаларға қатысуға мүдделi. Оның iшiнде энергетикалық секторды атап өтуге болады», - дейдi Қазақстанның Чехиядағы елшiсi.

Суретке түсірген Азамат Әлиев 

Барлық жаңалықтар