• Басты
  • Жаңалықтар
  • «Ontustik Invest – 2016» халықаралық форумында 40-тан астам ынтымақтастық меморандум түзіледі (ФОТО)

«Ontustik Invest – 2016» халықаралық форумында 40-тан астам ынтымақтастық меморандум түзіледі (ФОТО)

29 Сәуір, 2016 14:48
Оңтүстік Қазақстан облысында екінші күнге жалғасып жатқан халықаралық «Ontustik Invest – 2016» инвестициялық форумында өңір басшысы Б.Атамқұлов сөз алып, облыстың дамуына үлес қосу жолында инвестиция салуға ниет білдірген барша қатысушыларға алғысын білдірді, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі аталған «Ontustik Invest» форумы шетел инвесторлары мен жергілікті кәсіпкерлердің, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар өкілдерінің сұхбат алаңына айналатынын атап өтті.

Сондай-ақ, бұл форум аясында ОҚО әкімдігі мен шетелдік және отандық компаниялар өкілдері арасында құны 2,5 млрд. АҚШ доллары болатын 40-тан астам ынтымақтастық меморандумы түзілетінін жеткізді.

Форум барысында, шетелдік инвесторлар Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктерімен танысып, аймақтың экономикасын дамытудың өзекті мәселелері талқыланады.

Іс-шараға  шетелдік компаниялар мен  дипломатиялық миссиялардың, халықаралық ұйымдар мен жергілікті бизнес-қауымдастықтардың, сонымен қатар, орталық жергілікті мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың және даму институттарының 600-ден аса өкілі қатысуда.

Естеріңізге салсақ, форумның алғашқы күні отандық тауарөндірушілердің көрмесі өтіп, жиынға қатысушы бизнес-делегаттар Шымкенттегі ірі өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысты.

Өңіріміздің  туристік әлеуетімен таныстыру мақсатында 30 сәуір күні Ақсу-Жабағлы, Шымкент пен Түркістан қаласының тарихи-туристік аймақтарына саяхат ұйымдастырылады.

Халықаралық форум – Оңтүстік Қазақстан облысына инвестиция тартып, аймақтың болашақтағы әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін болады.

 

Барлық жаңалықтар