ҚР-да өнеркәсіптік саясат туралы арнайы заң қабылдау керек – М.Пішембаев

21 Қараша, 2013 12:05
Қазақстанда өнеркәсіптік саясатқа бағытталған арнайы заң қабылдау керек, деген ұсыныс айтты ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Машина құрастырушылар кеңесі басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев «Қазақстанның өнеркәсіптік саясаты» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында.

«Өнеркәсіптік саясаттың дамуына бағытталған көптеген маңызды шаралар заңнамалық нығайтуға мұқтаж. Мүмкін, өнеркәсіптік саясат туралы арнайы заң қабылдасақ аталмыш мәселе анық қарастырылып, бір жүйеге келтіріледі», - деген ойын айтты М.Пішембаев.

Депутаттың ойынша, еуразиялық интеграцияны сәтті жүзеге асыру үшін жалпы өнеркәсіптік саясатты дайындап, қабылдау керек. Және аталмыш шараның барлық кезеңіне Кедендік одақ елдері мен шет елдік іскер орталардың өкілдері белсенді түрде ат салысуы қажет.

«Керісінше болған жағдайда Еуразиялық экономикалық қауымдастықта нақты басымдылыққа қол жеткізе алмаймыз», - деді мәжілісмен.

Халық қалаулысы кәсіпкерліктің белсенді араласуымен Еуразиялық кеңес елдерінің өнеркәсіптік саясаты нақты координациясы механизмін құру туралы да ұсынысын ортаға тастады.

«Бүгін бізге алдағы жақын арада кездесетін мәселелер туралы жан-жақты пысықтауымыз керек. Мұны халықаралық контекстен бөліп қарастыра алмаймыз. Өздеріңізге де белгілі, еліміз ДСҰ-ға ену алдында тұр. Осы ұйымға енуге дайындалып жатқан уақыт ішінде ДСҰ жағдайы да, Қазақстанның жай-күйі де өзгерді. Жаһандық дағдарысқа қарсы бірден бір шара өңірлік интеграция екенін бүгінгі жағдай дәлелдеп отыр. Соңғы он жыл ішінде кәсіпкерлікпен әріптестік құруда ұтымды бастамалар қолға алынды. Ең бастысы – Кедендік одақ елдерінде ұзақ мерзімді әріптестіктің жаңа үлгісі құрылды», - деп түйіндеді мәжілісмен.

Барлық жаңалықтар