• Басты
  • Жаңалықтар
  • Сенбіліктер жастарды табиғатты қорғауға үйретуі керек – Мәжіліс депутаттары (ФОТО)

Сенбіліктер жастарды табиғатты қорғауға үйретуі керек – Мәжіліс депутаттары (ФОТО)

23 Сәуір, 2016 11:59
Парламент Мәжілісінің депутаттары Астанада болған «Таза қала – бақытты қала» атты жалпы қалалық сенбілікке қатысты. «Мәңгілік Ел» триумфалды аркасына жақын маңайдағы Орынбор көшесінің бойына жаңадан аллея бой түзеді.

Сенбілікке барлық саяси партиялар фракцияларының: «Нұр Отан», «Ақ жол», және ҚХКП, сонымен бірге «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» депутаттық тобының депутаттары қатысты.

Елорданы көгалдандыру мен абаттандыру жұмысына депутаттар: Владимир Божко, Абай Тасболатов, Сауытбек Абдрахманов, Павел Казенцев, Василий Олейник, Қанат Мусин тағы да басқа әріптестері қатысты.

Анар Жайылганова, Жанат Омарбекова, Ирина Смирнова, Наринэ Микаелян, Әлия Сапарова, Ирина Унжакова, Зәуреш Аманжолова және басқалары да белсене араласты.

Жалпықалалық сенбілік аясында 16000 ағаш отырғызылмақ. Соның ішінде 2,5 мыңға жуық ірі ағаш көшеттері (қызыл тал, татарүйеңкісі, қарағай, шырша, қайың, емен, пирамидалы терек, шетен және т.б.) егіледі. Үш ауданда 13 661 көшет (терек, тал, мойыл, шегіршін, шетен, долана, арша, ұсақ жапырақты жөке, балқарағай, бадам және т.б.) отырғызылады, соның ішінде «Алматы» ауданында – 7 261, «Есіл» ауданында – 4 400, «Сарыарқа» ауданында 2000 түп көшет егіледі.

Жалпы, сенбілікке 100 мыңнан астам адам қатысады, соның ішінде 4000-ға жуық кәсіпорын мен ұйым, 200-ден астам денсаулық сақтау және білім мекемесі, 130-дан артық мемлекеттік мекеме, ведомство және ұлттық компания бар.

Қалалық коммуналдық қызметтерден 885-ке жуық техника бірлігі тартылған.

Ботагөз Айтжанова 

Суретке түсірген: автор

 

Барлық жаңалықтар