Астанада жалпықалалық сенбілік аясында 16 мың ағаш отырғызу жоспарлануда

23 Сәуір, 2016 11:04
Астанада жалпықалалық сенбілік аясында 16 мың ағаш отырғызу жоспарлануда, қала әкімі тұрғындарды сенбілікке белсенді қатысуға шақырды.

Жалпықалалық сенбілікке 100 мың адам қатыспақ, оның ішінде 4 мың кәсіпорын мен ұйым, 200 денсаулық сақтау және білім беру ұйымы, 130 мемлекеттік мекеме, ведомстволар мен ұлттық компаниялар бар. Еріктілерге коммуналдық қызмет 885 техника бірлігін жұмылдырды.

Астана тұрғындарын қаланы абаттандыру мен тазалығын арттыруға Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков қанаттандырды.

«Жыл өткен сайын сенбілікке шығатын адамдар санының көбеюі көз қуантады. Бүгін біз барлық көшелерді тазадап, 16 мың ағаш отырғызамыз. Адамдар өз қалаларын тазартуға белсенді атсалысып жатыр, бұл өте маңызды. Бұл шараның жастарға тәрбиелік маңызы да өте зор», - деді Ә.Жақсыбеков.

Қазір үш ауданда 13,5 мың көшет отырғызу жүзеге асырылып жатыр.

Қала әкімдігінің мәлімдеуінше, Астанада Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінің көздерін қоқыстан тазарту акциялары жүргізілуде. 

Барлық жаңалықтар