• Басты
  • Жаңалықтар
  • «Нұр Отан» партиясының жас депутаттары Қазақстан жастарын «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін қолдауға шақырды

«Нұр Отан» партиясының жас депутаттары Қазақстан жастарын «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін қолдауға шақырды

19 Сәуір, 2016 17:29
«Нұр Отан» партиясының жас депутаттары Қазақстан жастарын Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін қолдауға шақырды.

Біздің болашағымыз әлемдік қауымдастықтың қазіргі қадамдарына байланысты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесі жастарды ерекше толғандырады. Осы орайда Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтондағы саммитте тағы да көрегенділігін танытып, күллі халықты ядролық қарудан ада әлемде өмір сүруге шақырды.

Түрлі елдерде болып жатқан қақтығыстардың қауіптілігі сол, ол дүниежүзілік соғысқа ұласып кетуі мүмкін. Сол себепті әр адам ұзақ та бақытты өмір сүргісі келсе, сол соғыстың алдын алған абзал. Міне, сондықтан да Қазақстан Президентінің сол күндері жария етілген «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі дүние жүзіндегі барлық тұрғындар тарапынан қолдау тауып отыр.

Елбасымыздың: «ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек! Бұл – шетін мәселе!

Адамдардың өткен ғасырдағы жасағаны секілді, ХХІ ғасырда да бейбітшілік үшін байыптылықпен және табандылықпен күресу керек. Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін жұмылдыру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқан кейіп көрсету әлемдік апатпен барабар», деуі өте орынды.

Біз, жастар, қай соғысқа да, ядролық қаруға қол жеткізуі әбден мүмкін лаңкестердің әрекеттеріне де қарсымыз. Сондықтан біз Қазақстан Президентінің манифесін толық қолдай отырып, барша адамзатты, соның ішінде жастарды соғыс атаулыға қарсы шығып, ортақ идея жолында топтасуға шақырамыз.

Біз Елбасымыздың соғысты тоқтату, ядролық қаруды таратпау жөнінде бастама көтергеніне ерекше мақтанамыз. Бұл барша адамзат үшін үлгі болса керек-ті.

Біздің Президентіміз - әлемдік өркениетті сақтап қалуды ойлайтын ұлы гуманист. Оның «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде көтерген тың идеялары – көп жылдық еңбегінің, қарқын айғағы.

Елбасымыз ұсынған «Мәңгілік ел» идеясы да жанымызға ерекше жақын. Ұлт көшбасшысының барлық бастамалары халықтың ойынан шығып келеді.

Қазақстан Президентінің ядролық соғысқа қарсы тұруға шақыруы барлық саясаткерлер тарапынан қолдау тапса, игі. Сонда ғана мақсатымызға жетеміз. Ең бастысы, әлемде бейбітшілік түпкілікті орнап, барша халық уайым-қайғысыз өмір сүріп, өркениет жолында алға қарай нық қадам баса бергені жөн.  

Біз «Нұр Отан» партиясы фракциясының жас депутаттары, еліміздің жастарын Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифестін қолдауға шақырамыз.

 

Барлық жаңалықтар