• Басты
  • Жаңалықтар
  • Жыл басынан бастап Қазақстанда жұмыс орындарын сақтау бойынша 30,2 мыңнан астам келісім жасалды

Жыл басынан бастап Қазақстанда жұмыс орындарын сақтау бойынша 30,2 мыңнан астам келісім жасалды

18 Сәуір, 2016 18:04
2016 жылғы 18 сәуірдегі ақпаратқа сәйкес, жұмыс орындарын сақтау бойынша облыс әкімдіктері, Астана, Алматы қалаларымен, жұмыс берушілер және өндіріс орындарының кәсіподақтарымен өзара ынтымақтастық туралы 30 207 меморандум жасалды, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұл халықты жұмыспен қамтуға және жұмыссыздық көрсеткішінің ұлғайып кетпеуіне мүмкіндік берді.

Өткен жылдың басынан бастап 2,4 млн. жұмысшыларды қамтыған 105 557-ге жуық меморандумға қол қойылды.

“Қол қойылған келісімдер 1,9 мыңға жуық ірі кәсіпорындарды (жалпы көрсеткіштің 83%-ы), 103,9 мыңнан аса орта және шағын кәсіпорындарды (жалпы көрсеткіштің 59%-ы) қамтыды”, - делінген хабарламада.  

Аймақтар бойынша меморандумдардың басым көпшілігі Қостанай және Ақмола облыстарының кәсіпорындарымен жасалды. Қостанай облысында жұмысшылар саны 166,5 мың адамды құрайтын 6 мың 323 кәсіпорынмен келісім жасалды. Ақмола облысында 90,1 мыңнан аса қызметкері бар 4 мың 789 ұйыммен меморандум жасалды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы жұмыссыздыққа жол бермеу бойынша берілген тапсырмасын орындау мақсатында ҚР ДСӘДМ тұрақты түрде жұмыс орындарын сақтау мен азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша белсенді шаралар жүргізіп келеді.

 

Барлық жаңалықтар