Павлодар облысының 137 мың тұрғыны сенбілікке шықты

18 Сәуір, 2016 09:17
Аймақта елді мекендерді көріктендіру мен абаттандыру сенбілігі өтті. Сенбілікке өңіріміздің 137 мың тұрғыны қатысты, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ұйымдар мен ірі кәсіпорындардың жұмысшылары, шағын және орта бизнес өкілдері  өздеріне бекітілген аумақты қоқыстан арылтты. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та бәрімен бірге сенбілікке шығып, Гагарин паркіндегі тазалық жұмыстарына қатысты. Бұдан кейін, аймақ басшысы облыс орталығын аралап, қала саябақтарын тазалау мен көріктендіру жағдайымен танысты.   

Сенбілік кезінде жыл сайынғы бүкілқазақстандық «Ұлттық ағаш отырғызу күні» акциясының аясында 22 мың түп ағаш отырғызылды.

«Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпараты бойынша сенбілікке 5 мың шаруашылық субъектісі қатысып, мыңнан астам техника мен автокөлік тартылды», - делінген хабарламада.

Сенбілік күні қатты тұрмыс қалдықтарын жинайтын полигондарда жеке және заңды тұлғалар жинаған қоқыс тегін қабылданды.

Сонымен бірге, облысымыздың қалалары мен аудандарында 16-шы сәуірден 16-шы мамырға дейін Көріктендіру айлығы жарияланды.

Барлық жаңалықтар