• Басты
  • Жаңалықтар
  • Б. Палымбетов: Мемлекет пен бизнестің байланысы кәсіпкерлік белсенділікті арттыруы тиіс

Б. Палымбетов: Мемлекет пен бизнестің байланысы кәсіпкерлік белсенділікті арттыруы тиіс

15 Сәуір, 2016 12:01
Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі Уәкіл Болат Палымбетов Ақтөбе облысына келді. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев бизнес-омбудсменмен кездесіп, бизнестің дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлады «Ақтөбе ақпарат» орталығы.

Облыс әкімінің айтуынша, аймақта 51 мыңға тарта кәсіпкерлік қызмет субъектісі тіркелген, онда 131 мың адам жұмыс істейді. Бұл облыстағы белсенді тұрғындардың 30 пайызын құрайды.  2016 жылы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында түрлі қаражат көздерінен 4,1 млрд теңге қарастырылады.

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша пилоттық жоба аясында ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады.

“Шағын және орта бизнесті дамыту үшін барлық мүмкіндікті пайдаланамыз. Жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Аймақта ауданы 200 гектар болатын «Ақтөбе» индустриалды аумақ қолданысқа берілді. Шетел инвесторларымен ынтымақтастық орната бастадық, осыған орай халыққа қызмет көрсету орталығы құрылып, тиімді жұмыс жасай бастады”, - деп атап өтті Сапарбаев.

Бизнес-омбудсмен аймақтағы бизнестің даму барысына бағасын берді.

“Ақтөбе облысына сіз келгелі көп жұмыс тындырылды. Аймақта шағын және орта бизнесті дамытуға барлық жағдай жасалуда. Бизнесті дамытуда сең қозғала бастады. Оған «Іскерлік климат» рейтингінің қорытындысы дәлел. Астана қаласынан кейін бизнеске қолайлы жағдай тудырып отырған аймақ ретінде Ақтөбе облысы аталады. Дегенмен шешімін таппай отырған мәселелер бар”, - деп атап өтті Болат Палымбетов.

Негізінен, олар жер телімдерін беру мен оларды мақсатты пайдалануға қатысты мәселелер. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша Уәкілдің айтуынша, қолданыстағы кәсіпкерлік қызмет субъектісі жерді тек аукцион арқылы ала алады.

Соңғы екі жылда Ақтөбеде 7 аукцион өткізілді, 117 учаске сатылды, өз кезегінде ШҚО-да соңғы үш жылда 86 аукцион өткізіліп, 532 жер телімі сатылды. 2016 жылдың бірінші тоқсанында аукционда 20 учаске сатылды, 9 млн теңге түседі деп жоспарланғанымен 75 млн теңге түсті.

Болат Палымбетов аукциондарды жиі өткізу туралы ұсыныс білдірді. Кездесу соңында Бердібек Сапарбаев кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің мәселелерін шешуге атсалысатынын жеткізді.

Барлық жаңалықтар