ОҚО-да 5,4 мың гектар жер телімдері мемлекетке қайтарылды

15 Сәуір, 2016 09:48
ОҚО-да 5,4 мың гектар жер телімдері мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ОҚО прокуратурасының басқарма бастығы Рүстем Дүйсенбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, прокурорлық актілердің қаралу нәтижесімен мемлекеттік бюджетке нақты 21,6 млн. теңге қаржы өндіріліп кадастрлық құны 102 млн. теңгені құрайтын, көлемі 5,4 мың гектар болатын (шамамен, 80 жер телімі) жер учаскелері мемлекетке қайтарылған.

Сонымен қатар, брифингке облыстық жер инспекциясының басқарма басшысы Марат Әлібеков пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтер де қатысты. Онда олар жер заңнамасын қадағалау саласындағы жұмыстардың нәтижесімен хабардар етті.

Мәселен, облыстық прокуратура өкілдері  мен қала әкімдігінің қызметкерлері бірлесіп жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, Шымкент қаласының аумағында жалпы көлемі 39 гектарды құрайтын 452 жер учаскесінің өз бетінше иелену деректерін анықтаған.

Мұндай деректер «Құрсай», «Сайрам», «Тассай», «Исфиджаб», «Абдулабад», «Базарқақпа», «Тұрдыабад», «Бадам-2», «Қарабастау», «Жалын», «Бадам-1», «Азат» тұрғын үй алабтарында орын алған.

Осындай фактілерді келтірген құзырлы орган өкілдері аталған аумақтардың орталықтандырылған инженерлік жүйелерге қатысты мәселелері мен жер учаскесіне құқық беретін құжаттарының болмауына байланысты азаматтардың мемлекеттен көрсетілетін қызметтерді толық қолдана алмай отырғанын жеткізді.

«Облыс прокуратурасының алқа мәжілісінің ұсынысы бойынша 2015 жылдың желтоқсан айында Шымкент қаласы әкімдігімен проблемалық мәселені шешу бағытында, тұрғын үй құрылысы жүргізілген аумақтардың құқықтық мәртебесін анықтау және жер пайдаланушылардың жауапкершілігін қарастыру жөнінде жұмыс тобы құрылған», - деді Р.Дүйсенбаев.

Барлық жаңалықтар