• Басты
  • Жаңалықтар
  • Жамбыл облысында құмды жерлерді суландыруға арналған пилоттық жоба іске асырылуда

Жамбыл облысында құмды жерлерді суландыруға арналған пилоттық жоба іске асырылуда

13 Сәуір, 2016 19:16
Жамбыл облысында құмды жерлерді мал шаруашылығына пайдалануға арналған пилоттық жоба іске асырылуда. Тәжірибе үшін басталған жобаның алғашқысы Т. Рысқұлов ауданындағы «Құдайберген датқа» ШҚ-да іске қосылды. Іс-шараға өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев арнайы қатысты, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Осыдан бір жыл бұрын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Президенті, экономика ғылымдарының докторы, академик  Ғани Әлімұлы Қалиевтың бастамасымен қолға алынған бұл жобаның тиімділігі орасан. Біріншіден шөлейт жерлер қолданысқа енеді, екіншіден мұнда мал шаруашылығымен айналысушылар үшін күн сәулесінен қуат өндіретін арнайы батареялар қойылған. Инфрақұрылым жабдықталған соң 1000 бас қой өсіруші шаруа қожалығына арнайы үй соғылды.  Ғалымдардың бастамасымен Жамбыл және Қарағанды облыстарында  іске асырылып жатқан пилоттық жоба осылай өз тиімділігін көрсетуде.

Тәжірибе жүргізіліп жатқан  «Құдайберген датқа» шаруа қожалығы 2014 жылы құрылған. Шаруаның негізгі өндіріс саласы асыл тұқымды қой малын өсіру, жайылымдық жерлерді суландыру, қой өнімдерін өңдеу. Жалпы жер көлемі 3000 га. Қазір 48 дана күн сәулесінен электр энергиясын алу қондырғылары орнатылған.
Жалпы қой ұстауға және өсіруге арналған заманауи үлгідегі базаны қалыптастыру арқылы мал басын ұлғайту, сондай-ақ, шаруашылық қызметкерлеріне барлық жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылған.
Жобаға тартылған инвестиция көлемі – 38 млн. теңге, оның ішінде «Тараз» ӘКК «ҰҚ» АҚ арқылы - 15 млн. теңге,  шаруашылықтың өз есебінен - 23 млн. теңге (қой мен жем) жұмсалған. Бұл кешен ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының «Жайылымды тиімді пайдалану және жаңартылатын энергия көздерін қолдану арқылы Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту ғылыми-тәжірибесі» жобасы негізінде қажетті жабдықтармен, сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етілген.

Жиын барысында облыс әкімі К. Көкрекбаев және ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Президенті, экономика ғылымдарының докторы, академик Ғ. Қалиев шаруашылық кешенінің  жұмысына сәттілік тіледі.

 

Барлық жаңалықтар