• Басты
  • Жаңалықтар
  • 2016 жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға 38 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді

2016 жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға 38 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді

13 Сәуір, 2016 12:09
Облысының әкімдігінде өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібековтің төрағалығымен аймақтың автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстау мәселесіне қатысты аппараттық жиналыс өтті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Қарағанды облысының көлік инфрақұрылымын дамыту аясында 2016 жылы 38,2 млрд. теңге жоспарланған. Бұл ретте жалпы пайдаланылатын жолдың 510 шақырымы жөнделетін болады. Толықтай алғанда жөндеу жұмыстарымен республикалық маңызы бар 231 шақырым, облыстық маңызы бар 219 шақырым, сонымен бірге аудандар мен қалаларда мақсатты трансферттер арқылы 32 шақырым автомобиль жолы жөнделеді. Қарағандыда 28 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. аталған жұмыстарды жүргізу барысында шамамен 2 мың жұмыс орны құрылады», - деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі Абай Санаубаров.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Қанат Шайминнің айтуынша, 2773 шақырым жолдың 149,8 шақырымы жаңғыртылып, күрделі жөнделуде. 2016 жылғы жоспарда 30,6 млрд. теңге сомасындағы бюджет қаржысын игеру қарастырылған. Аталған қаржының 26 млрд. теңгеден астамы жолдарды қайта жаңғыртуға, шамамен 2 млрд. теңгесі күрделі жөндеу жұмыстарына, 1 млрд. теңгесі орташа жөндеу жұмыстарына, ал 1,4 млрд. теңгесі автомобиль жолдарын күтіп ұстауға жұмсалады.

«Қайта жаңғыртуға сәйкес жалпы ұзындығы 93 шақырым болатын "Анар-Теміртау» автожолының төрт учаскесінде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұл учаскелерді қайта жаңғырту процесі барысында 8 көлік жол айрығы мен су жолдарын, 9 көпір, 8 мал өтетін орын, 9 ауыл шаруашылығы техникалары өтетін жол, 1 жер жаяу жүргінші өткелі, 113 су өткізетін құбыр салу көзделген», - деді Қ.Шаймин.

Оның айтуынша, Орталық-Оңтүстік дәлізінің Теміртау қаласынан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі аралықтағы 576 шақырымындағы 14 учаске қайта жаңғыртылу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. ал «Бастау-Ақтау-Теміртау» автожолының 12-53 шақырымы учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында биыл шамамен 900 млн. теңге игеру жоспарланған. Сонымен қатар биыл «Астана-Рождественка-Киевка-Теміртау» автомобиль жолының 53-74 шақырымын күрделі жөндеуден өткізіп, пайдалануға беру көзделуде.

Барлық жаңалықтар