• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР-да орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзыретті анықтау шаралары аясында ауылдық әкімдіктерге қосымша 67 уәкілеттілік берілді

ҚР-да орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзыретті анықтау шаралары аясында ауылдық әкімдіктерге қосымша 67 уәкілеттілік берілді

19 Қараша, 2013 18:01
«Қазақстан-2050» Стратегиясына» сай, Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзыретті анықтау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ауылдық әкімдіктерге қосымша 67 уәкілеттілік берілді, деп мәлімдеді ОКҚ брифингінде ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов.

«Қазақстан-2050» Стратегиясына» сай, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзіретті анықтау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жергілікті мемлекеттік органдар қосымша уәкілеттіктерге, құрылымдар мен қаражатқа және ауылдық әкімдіктердің аппаратын жинақтау үшін 5420 штатқа қол жеткізді. Ал ауылдық әкімдіктерге қосымша 67 уәкілеттілік берілді», - деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Оның айтуынша, ауылдық әкімдіктерге телінген міндеттер әлеуметтік, әкімшілік және коммуналдық салаға қатысты.

Сонымен қатар, ауыл әкімдеріне мүлікті жалға бергеннен түскен пайдадан бастап ерікті жинау, түрлі алымдар және заңға қайшы келмейтін сыртқы жарнама мен өзге де қызметтерден түсетін өз кірістерін құру уәкілеттілігі берілді.

Аталмыш кірістер ауылдық әкімдіктердің арнайы есебінде жиналады. Өзін өзі басқарудың жаңа тәртіп бойынша жиналған қаражатты ауыл тұрғындарымен жиналыстан кейін қабылданған шешім бойынша белгілі бір іске жұмсайды.

Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік міндеттерін орындау мақсатында ауыл әкімдеріне аудандық бюджеттен қаражат бөлінеді.

Бұдан бөлек, 11 қазандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке салықтық базаның өсіміне әкімдердің қызығушылығын тудыру үшін жергілікті дәрежеде шағын кәсіпкерліктен түскен салықтың бір бөлігін әкімдіктерге беру мәселесін қарау туралы тапсырма берген болатын, сонымен қатар мемлекеттік басқару деңгейлерінің құзыреттерін анықтауды тапсырған.

Сонымен, Жергілікті мемлекеттік органдар қосымша уәкілеттіктерге, құрылымдар мен қаражатқа және ауылдық әкімдіктердің аппаратын жинақтау үшін 5420 штатқа қол жеткізді. Сонымен әкімдіктерге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік қорғауды бақылау комитеті еңбек инспекциясының, БҒМ балалардың құқын қорғау комитеті аймақтық бөлімшесінің, автомобиль жолдары комитетінің аймақтық бөлімшесі, Дін істері агенттігінің аймақтық бөлімшесінің қызметі мен штаттық саны берілді.

Осыған орай, әкімдіктерге медициналық қызметтерді лицензиялау, жолаушылар тасымалы, оралман атағын алу және өзге де салалардың қызметі берілді.

Айта кету керек, Астана мен Алматы және облыс әкімдіктеріне өңірдің ерекшеліктеріне байланысты әкімдіктердің қосымша құрылымдық бөлімшелерін құру құқы берілді.

Барлық жаңалықтар