2016 жылдың бірінші жартысында Ақтөбеде 7 әлеуметтік дүкен ашылады

8 Сәуір, 2016 17:32
Аймақаралық кооперацияны дамыту туралы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен Ақтөбе облысы әкімдігінде өткен кеңесте талқыланды, деп хабарлады “Ақтөбе ақпарат”.

Кеңесті ашқан облыс басшысы аймақаралық кооперацияның басты мақсаты азық-түлік және тауар қауіпсіздігі, импортты азайту екенін айтып өтті. Жоба тұрғындарды делдалдардың араласуынсыз, отандық азық-түлік және тауарлармен қолжетімді бағамен қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен бірге, аймақаралық кооперация біздің аймақта жаңа сауда орындарын ашып, өндіріс темпін ұлғайтуды мақсат етеді.  

Бүгінде оңтүстік облыстардан азық-түлік өнімдері көптеп жеткізілуде. Тек наурыз айының өзінде жалпы құны 83,5 миллион теңге болатын 32 тонна ет, 76 тонна көкөніс, 19 тонна жеміс-жидек, 14 тонна сүт өнімдері, 30 мың жұмыртқа жеткізілді. Қазіргі таңда оңтүстіктің ауыл шаруашылығы өнімдері «Табыс» коммуналдық базарына, шағын базарларға, сонымен бірге, қаладағы әзірге жалғыз әлеуметтік дүкенге жеткізілуде.

Көкөніс, жарма, ет және сүт өнімдеріне төменгі үстеме ақы қосып сататын сауда желілерін көбейту үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы жылдың маусым айында кем дегенде 7 әлеуметтік дүкен ашып, азық-түлік өнімдерін ірі дүкендерге тікелей жеткізу жағын қолға алуда тапсырды.

Бүгінгі таңда, ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, Ақтөбе облысы азық-түлік себетіне кіретін 33 түрлі азық-түліктің 25 түрімен өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Аймақаралық кооперация аясында жеткіліксіз азық-түлік өнімдері мен тауарларды ақтөбеліктерге тиімді бағамен жеткізу қарастырылып отыр.

“Арзан азық-түлік сататын нарықты іздестіріңіздер. Оңтүстік облыстармен егін жинау науқанында арзан бағамен көкөніс пен жемісті сатып алу жөнінде ертерек келісімшарттарға отырыңыздар. Оңтүстіктің тауар өндірушілеріне қолайлы жағдай жасаңыздар. Бос тұрған сауда орындары мен қоймаларды беріңіздер”, - деді кеңес отырысында облыс басшысы.

Аймақаралық кооперация Ақтөбе облысында жаңа сауда орындарын ашу арқылы өндіріс темпін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте тек тамақ өндірісі емес, өнеркәсіптің өзге түрлерінің өндірісі де арта түседі.

Қазіргі таңда Қазақстанның өзге аумақтарына алтын рудасы, мыс концентраты, қиыршық тас, теміржол рельстері мен сұрыпталған металл сынықтарын, полимерлі композит материалдарынан жасалған құдық қақпақтары, бағдаршамдар мен жол белгілерін жеткізу жолдары қарастырылуда.

Сонымен бірге, индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, болашақта Қазақстанның барлық аймақтарымен туризм, транзит-көлік қызметтері бойынша аймақаралық кооперация аясында ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері қарастырылуда.

Барлық жаңалықтар