• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР және Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия арасындағы құқықтық көмек көрсету туралы шарт күшіне енді

ҚР және Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия арасындағы құқықтық көмек көрсету туралы шарт күшіне енді

8 Сәуір, 2016 16:59
Қазақстан мен Ұлыбританияда Қазақстан Республикасы және Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның Біріккен Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы шарт күшіне енді, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Құжатқа Мемлекет басшысының Ұлыбританияға 2015 жылғы 3 қарашадағы ресми сапары барысында қол қойылған.

Екі мемлекеттің парламенттері Шартты ағымдағы жылдың ақпанында ратификациялаған болатын.

Келісім қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелерін реттейді және қылмысты жасаған тұлғаның кінәсін дәлелдеуге, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған мүліктері мен табыстарын тәркілеуге қажетті процестік әрекеттердің толық кешенін өткізуді қарастырады.

Халықаралық құжат қылмыспен күрес, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы қазақстандық-британдық серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады. Оның іске асырылуы екі елдің құқық қорғау органдарының қылмыстылықтың алдын алу, анықтау және профилактикасы саласындағы жұмыс тиімділігін арттыруға септігін тигізетін болады.

Барлық жаңалықтар