• Басты
  • Жаңалықтар
  • Мемлекеттік комиссия «KazEOSat-2» қазақстандық спутнигі мен оның жерүсті сегментін қабылдау жұмыстарын аяқтады

Мемлекеттік комиссия «KazEOSat-2» қазақстандық спутнигі мен оның жерүсті сегментін қабылдау жұмыстарын аяқтады

7 Сәуір, 2016 09:28
Қазіргі уақытта Мемлекеттік комиссия айыру қабілеті орташа Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесін (АҚО ЖҚЗ ҒЖ) қабылдау жұмыстарын аяқтады, деп хабарлады Қазғарыштың баспасөз қызметі.

Мемлекеттік комиссияның құрамына ҚР ИДМ Аэроғарыш комитетінің (Қазғарыш), ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің, Қазғарыштың қарамағындағы ұйымдардың, «Ғалам» БК мамандары кірді.

“АҚО ЖҚЗ ҒЖ-ға кеңістіктік айыру қабілеті 6,5 метр болатын «KazEOSat-2» ғарыш аппараты, сондай-ақ Астана қаласындағы ғарыш түсірілімдерін басқару және өңдеу жерүсті мақсатты кешені кіретінін атап өткен жөн”, - делінген хабарламада.

«KazEOSat-2» ЖҚЗ қазақстандық спутнигін бас мердігер «ADS» француз компаниясы болып табылатын, «SSTL» британ компаниясы жасаған болатын.

Отырыс барысында Мемлекеттік комиссия Қазақстанның экономика салаларына арналған ЖҚЗ спутнигін пайдалану мүмкіндігі мен жұмыс шарттарын зерделеді.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ президентінің міндетін атқарушы Марат Нұрғожин комиссия мүшелеріне: «Пайдалануға қабылдау күнінен бастап өткен үш айда «KazEOSat-2» спутнигі штаттық режимде жұмыс істеуде», – деді.

Мәжіліс барысында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-тың («ҚҒС» ҰК» АҚ) мамандары Мемлекеттік комиссияның мүшелерін мемлекеттік органдардың салалық міндеттерін шешу үшін ЖҚЗ деректерін тақырыптық өңдеу нәтижелерімен таныстырды.

Іс-шара соңында Қазғарыш төрағасының орынбасары, АҚО ЖҚЗ ҒЖ қабылдау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Мейірбек Молдабеков «ҚҒС» ҰК» АҚ «KazEOSat-2» спутнигіне меншік құқығы мен тәуекелдерді ала отырып, оны коммерциялық мақсаттарда тиімді пайдалануы тиіс деп атап өтті.

Мемлекеттік комиссия отырысының нәтижелері бойынша АҚО ЖҚЗ ҒЖ өндірістік пайдаланымға енгізу туралы Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің бұйрығына қол қойылды.

Естеріңізге салсақ, ЖҚЗ ҒЖ екі оптикалық-электрондық ғарыш аппаратынан (ҒА): кеңістікті айыру қабілеті (1 м) жоғары «KazEOSat-1», кеңістікті айыру қабілеті (6,5 м) орта «KazEOSat-2», сондай-ақ спутниктерді жерүсті басқару кешенінен және ЖҚЗ деректерін қабылдау, өңдеу және түпкі тұтынушыларға тарату үшін жерүсті мақсатты кешенінен тұрады.

Алғашқы кеңістіктік айыру қабілеті жоғары қазақстандық «KazEOSat-1» ЖҚЗ спутнигі 2015 жылдың маусымында штаттық пайдалануға берілген болатын, ал екінші кеңістіктік айыру қабілеті орташа қазақстандық «KazEOSat-2» ЖҚЗ спутнигі өткен жылдың желтоқсанында Қазақстанның меншігіне берілген еді.

Қазіргі уақытта екі ЖҚЗ ғарыш аппараты Жерге тәулік бойы мониторинг жасап, штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Мәселен, «KazEOSat-1» спутнигі бір тәулік ішінде 220 мың кв. км-ге дейін, ал «KazEOSat-2» 1 млн. кв. км-ге дейін ғарыштық түсірілімдерді жасай алады.

Пайдалануға берілген сәттен бастап, 150 млн-нан астам кв. км. ғарыштық түсірілімдер түсірілгені және өңделгені белгілі болып отыр.

Олардың көп бөлігі «ҚҒС» ҰК» АҚ бірегей мұрағатында сақталған, ал қалған бөлігі тапсырыс беруші – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне, ҚР Қорғаныс министрлігіне, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне және басқаларға берілген.

ҚР ЖҚЗ ҒЖ ел аумағының жедел мониторингтік ақпаратын алуда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экономика салаларының, қорғаныс қабілеттілігінің және ұлттық қауіпсіздік міндеттерін шешу үшін ЖҚЗ деректерін алуға бағытталған.

Сөйтіп, Қазақстанда Жерді қашықтықтан зондтайтын толыққанды ұлттық ғарыш жүйесінің құрылғандығын атап өтуге болады.

 

Барлық жаңалықтар