• Басты
  • Жаңалықтар
  • Астанада мемлекеттік органдардың талдаушылары өз дағдыларын жетілдіруде

Астанада мемлекеттік органдардың талдаушылары өз дағдыларын жетілдіруде

6 Сәуір, 2016 20:26
2016 жылдың 4–8 сәуірі аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік органдардың талдаушыларына арналған біліктілікті арттыру семинары өткізілуде, деп хабарлады Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметі.

Семинарға Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі, ҚР Парламентінің Сенаты мен Мәжілісі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Қорғаныс министрлігінің және басқа да орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың талдамалық құрылымдарының қызметкерлері қатысуда.  

Семинар тыңдаушыларын бір апта бойына Нидерландыдан келген танымал сарапшы, тәуелсіз кеңесші және коучер Герард Уйтендаал оқытады. Ол Орталық және Шығыс Еуропаны, ТМД елдерін корпоративтік қаржыландыру саласында 25 жыл жұмыс істеген, оның ішінде ТМД-да  «Делойт» компаниясында басқарушы әріптес лауазымын атқарған.

“Голландтық сарапшының негізгі қызметі адами және қаржылай капитал бойынша консультациялық қызмет көрсету, талдамалық және ақпараттық жұмыс дағдыларына, жоба-менеджментке оқыту, басқарушылық шешімдерді әзірлеу мен қабылдау секілді бағыттарға негізделген. Сондай-ақ ол команда жұмысының тиімділігін арттыру саласындағы танымал маман-фасилитатор, тұлғааралық қатынастар саласындағы өзгерістер туралы «The High Performer, module 1: Change» кітабының авторы болып табылады”, - делінген хабарламада.

Ол әлемге танымал Эрасмус Роттердам университеті,  Стокгольм экономика мектебі, Гаага бизнес мектебі секілді жетекші білім беру орталықтарында мастер-кластар өткізген. Қазіргі уақытта Сколководағы Мәскеу менеджмент мектебінде Креативті көшбасшылық орталығында арнайы семинарларды жүргізеді.  

Академия ұйымдастырған іс-шараның мақсаты Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерінің талдамалық құзыреттерін дамыту болып табылады. Семинар барысында мемлекеттік қызметшілер талдау жұмысының әлемдік стандарттары мен қағидаттарын, мәліметтерді жинаудың озық  тәсілдері мен дағдыларын және оларды талдау әдістерін қарастырады, ақпараттар жинау үшін сауалнама мен сұхбат жүргізудің тиімді техникасын, талдау есептерін дайындаудың негізгі қағидаттарын зерделейді.

Барлық жаңалықтар