• Басты
  • Жаңалықтар
  • ЕЭК Кеңесінің отырысында тарифтік артықшылықтардың бірыңғай жүйесі мақұлданды

ЕЭК Кеңесінің отырысында тарифтік артықшылықтардың бірыңғай жүйесі мақұлданды

6 Сәуір, 2016 15:37
ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев видеоконференция форматында өткен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлады primeminister.kz.

Кеңес мүшелері Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің экономикалық ықпалдастығын тереңдетуге бағытталған бірқатар құжаттарды талқылады.

Отырыста акттар мен халықаралық келісім-шарттарды ЕАЭО туралы Келісім-шартқа сәйкес әзірлеудің жұмыс жоспарын орындау барысы қаралды. Жоспардың іс-шараларын орындау «төрт еркіндік» қағидасын - тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Кеңес мүшелері жалпы ЕАЭО тарифтік артықшылықтарының бірыңғай жүйесін қолдану шарттары мен тәртібі туралы Ережені мақұлдады, ол дамушы және аз дамыған елдермен саудаға арналған шарттарды кеңейтуге мүмкіндік береді.

ЕЭК Кеңесі отырысы аясында ЕАЭО ықпалдастырылған  ақпараттық жүйесінің негізінде кедендік қызметтердің және өзге де құзіретті органдардың ақпараттық жүйелерін түйіндестірудің Жоспар-кестесі талқыланды. Сәйкес іс-шаралар жүргізу тауарларды кедендік аумаққа әкелгеннен бастап тұтынушыларға өткізгенге дейінгі қозғалысты бақылауды қамтамасыз етеді.

Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою үшін ЕЭК Кеңесі отырысында сәйкес халықаралық келісім-шарт әзірлеуді жеделдету тапсырылды. 

 

Барлық жаңалықтар