Б.Ізмұхамбетов: Мәжіліс депутаттарының қарауында 20 заң жобасы бар

6 Сәуір, 2016 11:03
Мәжілістің VI шақырылымы заңнамалық жұмысқа кірісті. Қазір мәжілісмендердің қарауында 20 заң жобасы бар. Жалпы отырыста Парламент Мәжілісінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов атап өткендей, ең алғашқы болып Мәжілістің бірінші сессиясына арналған негізгі шаралар бекітілді.

«Мәжілістің VI шақырылымына Ұлт жоспарының заңнамалық қолдауы мен елдің жаңғырту жоспары жүктеледі. Біз бірыңғай кедендік және ұлттық кодекс қабылдаймыз, бірқатар заңнамаларды қабылдау жоспарда тұр», - деді ол.

Мәжіліс төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов жетекшілік еткен отырыста ең алдымен Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев екі бірдей заң жобасы жөнінде қаулы қабылдау қажеттігін баяндады.

Сонымен қатар, жалпы отырыста Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен жұмысты жалғастыру жөнінде сөз сөйлеп, қаулы шығару жөнінде депутаттардың бірауыздан мақұлдауына ие болды.

Күн тәртібіне шығарылған соңғы мәселе «Алтыншы сайланған Парламент Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың бірінші сессиясына арналған негізгі іс-шаралар жоспары туралы» баяндамасы болды. Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева сөз алып, депутаттардың алда атқаруы тиіс жоспар-жобалармен жан-жақты таныстырды.

Халық қалаулыларының елдің ішкі және сыртқы саясатындағы іс-әрекеттері мен жергілікті жерлердегі сайлаушылар алдындағы міндеттерін атқаруы тиіс шараларын бекітуді отырысқа қатысқан 105 депутаттың барлығы-дерлік құптап дауыс берді. 

Барлық жаңалықтар