• Басты
  • Жаңалықтар
  • А.Баталов: «Талдықорған» индустриалды аймағының бірінші кезеңінің құрылысы биыл аяқталады (ФОТО)

А.Баталов: «Талдықорған» индустриалды аймағының бірінші кезеңінің құрылысы биыл аяқталады (ФОТО)

6 Сәуір, 2016 09:14
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов облыс орталығы Талдықорған қаласының бірнеше құрылыс нысандарында болып, құрылыс жұмыстарының жай-күйімен танысып қайтты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы тоқталған нысандардың бірі Талдықорған қаласының Шығыс бөлігінде орын тепкен «Талдықорған» индустриалды аймағы болды. Бұл жоба Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің барлық өңірлерінде өндірістік аймақтар құру, ірі инвесторлардың келуіне барлық жағдай жасау және инвесторларды тарту туралы тапсырмасының негізінде жүзеге асырылуда.

Жалпы облыс бойынша 5 өндірістік аймақ белгіленген. «Талдықорған» индустриалды аймағының жер көлемі 594,9 гектарды құрайды. Аталмыш аймақтың құрылыс жұмыстарын кезең-кезеңге бөліп, жүргізу жоспарланған болатын. Мұнда қазірдің өзінде инженерлік жүйелер тартылып, жұмыстардың басым бөлігі аяқталуға жақын. Атап айтқанда су құбырлары мен кәріз жүйесі, электр қуатымен қамтамасыз ету, теміржол және автомобиль жолдарының құрылысы бойынша жұмыстар белгіленген мерзімде, жоспарлы түрде жүргізілуде. Индустриалды аймақтың құрылысына республикалық бюджеттен 2,9 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бүгіннің өзінде инвесторлардың алғашқы легі өз өндіріс орындарын осы аймаққа көшіріп, орналасуын бастап кетті.

 «Елбасының тапсырмасын орындау және индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында аталмыш жобаны іске асырудамыз. Оның жүзеге асырылуына республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Жетпегенін жергілікті бюджет қаражаты есебінен бөліп, жобаның толықтай инвесторларға тартымды болуына әрекеттенудеміз. Биылдың өзінде жобаның 1 кезеңі бойынша 120 гектар алқапты толықтай дайындап, онда заманауи үлгідегі, жоғары технологиямен жұмыс істейтін зауыт, фабрикаларды орналастыру ойымызда бар. Өз тарапымыздан болашақ инвесторларымызға барлық қолайлы жағдайды жасауға әрдайым мүдделіміз», - деді А.Баталов.

Сөз соңында өңір басшысы индустриалды аймақтың құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекемелердің өкілдеріне жұмыс жүргізу кезінде заманауи құрылыс жүргізу талаптарын сақтай отырып соңғы үлгідегі дизайнерлік ой-амалдар мен құрылыс материалдарын қолдану қажеттігін ескертті. Сонымен қатар индустриалды аймақтың абаттандырылуы мен көгалдандырылуына, барлық санитарлық талаптардың сақталуына баса назар аудару керектігін атап өтті.

Осыдан кейін облыс әкімі Талдықорған қаласындағы әуе жайдың күрделі жөндеу жұмыстарымен танысу мақсатымен ат басын аталған нысанға бұрды.

Нысанның құрылысын «Нұр-Шапағат-Құрылыс» ЖШС жүргізуде.  Жаңа әуе жайдың жалпы аумағы 1735 шаршы метрді құрайтын болады. Мұнда ескі ғимараттың сыртқы және ішкі пішіні, инженерлік жүйелері толықтай өзгертіліп, едендері, қабырғалары мен төбесі соңғы үлгідегі от пен суға төзімді құрылыс материалдарын пайдалану арқылы жаңартылуда. Жоба бойынша бас ғимараттың тұсынан әуежайға қызмет етуге қажетті бірнеше нысандар да бой көтеруде. Бас ғимараттың сыртқы келбеті толықтай жаңармақ. Ол үшін күн сәулесін шағылыстырып күндіз көк түс, ал кешкі уақытта мөлдір тұнық әсер беретін «Royal Blue» онодты-оксидтелген әйнектер, қабырғаларына шу мен тербелістен оқшаулайтын қасиеті бар триплекс қабаты және ғимараттың қас бетіндегі бұрыңғы алюкобонд қаптамасының орнына престелген базальттан жасалған от пен суға төзімді желдетілетін «Rockwool» жабындылары қолданылмақ. Бұл материалдардың қызмет ету мерзімі 25 жыл.

Облыс әкімі құрылыс жұмыстарымен егжей-тегжей танысып, «Нұр-Шапағат-Құрылыс» ЖШС-нің бас директоры Кереев Қайратты тыңдағаннан кейін әуе вокзалының ішкі пішіні мен сәулет шешімдеріне қатысты бірнеше өзгертулер енгізді.

«Бұрындары дизайны көңілімізден шықпайтын. Міне енді әуежайдың кіре берісінен бастап соңғы үлгідегі жеңіл әрі әдемі материалдар қолдану арқылы әуежайымыздың сыртқы қасбетіне сұлулық келтіргендейміз.  Қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығады деген ойдамыз.

Сонымен қатар облыс әкімі Талдықорған қаласының құрылыс нысандарын аралау кезінде Қаратал өзенінің жағалауын, қаланың Шығыс бөлігіндегі серуендеу алаңын абаттандыру, Аквапарктің айналасындағы демалыс алаңын қалпына келтіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен де таныс болды.

Қаратал өзенінің жағалауын абаттандыру бойынша бүгінде жұмыстың негізгі бөлігі аяқталған. Мұнда көшеттер отырғызылып, жаяу жүргінші жолы мен велосипедпен жүруге арналған жолдар қарастырылған. Сол тұста «Хан шатыры» формасындағы демалыс орны, дизайнердің қиялынан туындаған күнді жоғары ұстап тұрған қыз бейнесіндегі үлкейтілген мүсін және ұлттық нақыштағы түрлі мүсіндер орнатылмақ. Алдағы уақытта барлық негізгі құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, жолға асфальт төсемі төселіп, айналасы көгалдандырылатын болады.

Аквапарктің айналасындағы демалыс алаңы қалпына келтіру жұмыстарынан кейін қала тұрғындарының тынығып, серуендейтін тағы бір демалыс орнына айналатыны сөзсіз. Ол үшін демалыс алаңында жағажай аумағы, қайық стансасы, су үстімен жүретін жол, балаларға арналған түрлі атракциондар, кафе және жазғы демалыс алаңының бой көтеруі қарастырылған. Мұнда да өңір басшысы демалыс алаңының аумағы толықтай көгалдандырылуын, көшеттер мен  гүлзарлар отырғызылуын және олардың уақытылы күтім жасалып, суғарылып тұруын тапсырды.

Барлық жаңалықтар