ОҚО-да ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 4700 гектарға артты

6 Сәуір, 2016 08:57
Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі жылдағымен салыстырғанда 4700 гектарға артып, егіс көлемі 780,5 мың гектар (2015 жылы 775,8 мың га) алқапқа жетті, деп әкімдікте хабарлайды.

Шаруалар, әсіресе, жаздық астық пен мақта алқабының көлемін көбейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, былтыр Күнгей мақташылары 99,3 мың гектарға «ақ алтын» ексе, биыл оның көлемін 11,3 мың гектарға көбейтіп, ақ мақта алқабын 110,6 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр.

"Сонымен қатар, бұл жылы жаздық астықтың көлемі ұлғайған. Мәселен, биыл 41,2 мың гектарға жаздық астық егу межеленсе, бүгінге дейін жоспар 108 пайызға артығымен орындалып, 44,3 мың гектарға (7,2 мың га бидай, 33,9 мың га арпа) дән себілген",-деп хабарламада айтылған.

Сондай-ақ, өңір диқандары 33 мың гектарға (меже - 46 мың га) жоңышқа, 45,6 мың гектарға (меже – 72,4 мың га) мақсары, 6,5 мың гектарға (меже - 13,8 мың га) картоп, 16 мың гектарға (меже – 35,7 мың га) көкөніс егіп үлгерді. Егу жұмыстары бұдан әрі жалғасады.

Айта кеткен жөн, биылғы жер айдау жұмыстары 460,6 мың гектарға межеленіп, 5 сәуірдегі мәлімет бойынша нақты 450,2 мың гектар жер жыртылып, жұмыстар 98 пайызға орындалды.

Барлық жаңалықтар