Ұлттық банк коллекторлық компаниялардың қызметін бақылайтын болады

5 Сәуір, 2016 16:47
«Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасы мақұлданған жағдайда құзыретті мемлекеттік орган ретінде ҚР Ұлттық банк коллекторлық компания қызметін бақылайтын болады. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов заң жобасының таныстырылымы кезінде айтты.

«Заң жобасы бойынша коллекторлық агенттік қызметкерлеріне, соның ішінде басшы қызметкерлерге қойылатын талаптар белгіленіп отыр. Бұдан бөлек, құжатта коллекторлық агенттіктердің борышкерлерден берешекті өндіріп алу барысында тыйым салынатын заңсыз әрекеттерін айқындайтын нормалар да қамтылған. Атап айтқанда, коллекторлық агенттік қызметкерлеріне борышкерлердің құқықтары мен еркіндіктеріне қол сұғатын және оның өміріне, денсаулығына және мүлкіне қауіп төндіретін заңсыз іс-қимылдар жасауға тыйым салынады»,-деді ҚР Ұлттық Банк төрағасының орынбасары А.Ахметов.

 «Коллекторлық қызметті тіркеусіз жүзеге асырғаны үшін, банктік құпияны, микрокредит беру құпиясын құрайтын мәліметтерді, құжаттарды ұрлап, параға сатып алу, қорқыту арқылы алғаны және жариялағаны үшін 3 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады», - деді А. Ахметов.

Оның сөзіне қарағанда, борышкерлердің құқықтарын және заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін 250 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Сонымен қатар, коллекторлық қызмет туралы талап етілетін ақпаратты Ұлтық банкке ұсынбағандар, шектеулі ықпал ету шараларын орындамағандар үшін де 200 АЕК шамасында айыппұл салу ұсынылған.   

Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар